ҚазҰМУ-да ҚР ҰҒА академигі, профессор Мырзакәрім Алшынбаевтың дәрісі өтті
Бүгін С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде еліміздің көрнекті ғалымы, Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясының академигі, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚазҰМУ урология кафедрасының меңгерушісі, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бас штаттан тыс урологы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан урологтар қоғамының президенті Мырзакәрім Кәрімұлы Алшынбаевтың дәрісі өтті.
Дәріс тақырыбы «Ерлер денсаулығы. Өмір сапасы. Пәнаралық көзқарас – 20 жыл». Бұл кездесу отандық медицинаның алып тұлғаларынан дәріс алып, жас буынның кәсіби рухқа сусындауының нақты көрінісі болды. Іс-шара ҚазҰМУ-дың Академиктер залында ҚазҰМУ мен ҚРМУ-дың «Урология» мамандығы бойынша резиденттері мен оқытушыларының қатысуымен өтті.
Қатысушыларға арнаған сөзінде университет ректоры, медицина ғылымдарының докторы Марат Шоранов академик Алшынбаевтың қазақстандық урологияның қалыптасуына қосқан өлшеусіз үлесін атап өтті:
«Мырзакәрім Кәрімұлы өз есімін қазақстандық урология тарихына алтын әріппен жазған тұлға. Біз, оның шәкірттері, қай жерде жүрсек те, Алшынбаев мектебінің өкілдері екенімізді мақтанышпен айтамыз. Мен одан ең алғаш “дәрігер болу – ұстазыңа құрметтен басталады” деген сөзді естідім. Ол маған скальпельді алғаш ұстатқан адам, дәрігер еңбегінің қадірін үйреткен ұстаз».
Ректор сондай-ақ осындай бірлескен дәрістердің барлық медициналық жоғары оқу орындары үшін үлгі болатынын атап өтті:
«Бүгінгі дәріс ҚазҰМУ мен ҚРМУ резиденттерінің бір аудиторияда бас қосуы – сабақтастықтың айқын мысалы. Ертең сіздер бір жүйеде, иық тірестіре отырып, урология саласын дамытасыздар. “Уролог урологқа – дос, бауыр, тірек” дейді. Бұл – бір-бірін сыйлайтын, бірлік пен өзара қолдауға негізделген үлкен бауырлас қауым. Бүгін сіздерге аға буыннан үйренудің ерекше мүмкіндігі беріліп отыр. Ал сіздерге қарап біз ертеңгі қазақстандық урологияның жарқын болашағын көреміз».
Мырзакәрім Алшынбаев – дәрігерлік өнердің шыңына жеткен, өз саласын жаңа белеске көтерген тұлға. Ол 22 жыл бойы академик Б. Жарбұсынов атындағы Урология ғылыми орталығын басқарып, заманауи қазақстандық урология мектебінің берік іргетасын қалады.
Ол әзірлеген ұлттық бағдарлама – «Ерлер денсаулығы» – елімізде ерлердің репродуктивті денсаулығына жаңа көзқарас қалыптастырды. Профессор Алшынбаев осы бағдарлама туралы былай деді:
«Біз бұл істі бастағанда мақсатымыз айқын еді – Қазақстанның әрбір азаматы, қай өңірде тұрса да, сапалы медициналық көмекке қол жеткізе алуы керек. Қазір бағдарлама аясында 200 мыңнан астам ер адам профилактикалық тексеруден өтті. Бұл мыңдаған отбасының сақталып қалғанын білдіреді».
Профессордың бастамаларының арқасында Қазақстан Еуропалық урологтар қауымдастығының толыққанды мүшесіне айналды, ал қазақстандық модель шетелдік әріптестердің қызығушылығын тудырды.
«Бүгінде Қазақстан ТМД мен Азия елдеріне үлгі болып отыр. Сеул, Токио, Париж конференцияларында жапон, оңтүстіккореялық, қытай және моңғол әріптестеріміз біздің үлгіні енгізгілері келетінін ашық айтады. Бұл – жай ғана мойындау емес, қазақстандық урология мектебіне деген сенім», – деді профессор.
Сонымен қатар ол ерлер денсаулығына қатысты алаңдатарлық үрдістерге назар аударды:
«Қазақстанда ерлердің орташа өмір сүру ұзақтығы әйелдерге қарағанда шамамен сегіз жылға қысқа. Ер адамдар дәрігерге үш есе сирек барады, жүрек-қан тамыр ауруларымен үш есе, қант диабетімен алты есе жиі ауырады. Ал қуықасты безі обырынан болатын өлім-жітім сүт безі обырынан екі есе жоғары. 70 жастан асқан ерлердің саны әйелдерге қарағанда төрт есе аз, ал суицид көрсеткіші алты есе жоғары».
Бүгінде профессор Алшынбаев ҚазҰМУ урология кафедрасына жетекшілік етуді жалғастырып, KazNMU Endowment қорын дамытуға және жас дәрігерлер мен студенттерді қолдауға белсене атсалысуда. Ол 50-ден астам ғылым кандидаттары мен докторларын тәрбиелеп шығарды, университеттің үздік студенттері үшін жеке атындағы шәкіртақы тағайындаған.
«Үйреніңіздер, еңбектеніңіздер және адамды сүйіңіздер – міне, дәрігер мамандығының үш тірегі осы. Бұларсыз білім де, дарын да өз күшін жоғалтады», – деді профессор Алшынбаев дәріс соңында.
Бұл дәріс университет өміріндегі маңызды оқиғаға айналды. Ол ҚазҰМУ-дың ұрпақтар сабақтастығын сақтап, аға буынның тәжірибесін жас дәрігерлердің жігерімен ұштастыра отырып, академиялық дәстүрді жалғастырып келе жатқанын көрсетті.