ҚазҰМУ-да әлемдегі жалғыз кванттық офтальмолог, университетіміздің түлегі Мұхит Құлмағанбетовпен кездесу өтті
ҚазҰМУ-дың Жалпы медицина мектебінің түлегі, кванттық офтальмология зертханасының жетекшісі, Гонконгтағы офтальмология саласының сарапшысы және Қазақстан көз аурулары ғылыми-зерттеу институтының маманы Мұхит Құлмағанбетовпен мазмұнды кездесу өтті.
Мұхит Құлмағанбетов көздің тор қабығындағы жасушалардың апоптозын ерте анықтау бойынша жасаған жаңашыл зерттеулерімен танылған. Бұл глаукома, жасқа байланысты макулодистрофия және Альцгеймер ауруының алдын алуда шешуші рөл атқарады.
Оның жетекшілігімен Канададағы Ватерлоо университеті мен Гонконг политехникалық университетінің бірлесуімен құрылған кванттық офтальмология зертханасы табысты дамып келеді.
Ғылыми жолдың бастауы – ҚазҰМУ
Дәл осы жерде Мұхит бакалавриатты және хирургия бойынша интернатураны тәмамдап, алғашқы ғылыми қызығушылықтарын қалыптастырды. Кейін ол Қазақстан көз аурулары ғылыми-зерттеу институтында резидентурадан өтіп, Ұлыбританиядағы Кардифф университетінде докторантураны аяқтады.
«Бір кездері мен де осы аудиторияларда отырған едім. Ол кезде ғылымға жол тым алыс көрінетін. Бірақ дәл осы ҚазҰМУ маған зерттеуші сияқты ойлануды үйретті», – деді Мұхит Құлмағанбетов.
Ол сонымен қатар ағылшын тілін меңгерудің маңыздылығына тоқталып:
«Егер сіз жаһандық ғылыми қауымдастықтың бір бөлігі болғыңыз келсе, ғылым мен медицинаның тілі – ағылшыннан бастаңыз», – деп атап өтті.
Кездесуге Мұхиттың студенттік жылдарында Жалпы медицина мектебінің деканы болған профессор Джумашева Рахима Тажибаевна қатысып, түлегіне ізгі тілегін білдірді. Ол Мұхиттың еңбекқорлығы мен кәсібіне адалдығын ерекше атап өтті.
ҚазҰМУ проректоры Убайдулла Датхаев та сөз алып:
«Біздің түлектер – университет пен елдің мақтанышы. Мұхит Құлмағанбетовтың жолы – ҚазҰМУ-да алған білімнің әлемдік деңгейдегі жаңалықтарға бастайтын нақты дәлелі», – деді.














































