ҚазҰМУ-ДА өткен «Тіл-ұлт тағдыры» атты әдеби-танымдық кеш
Үстіміздегі 2019 жылдың 05 қыркүйек күні, жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да «Қазақстан халқы тілдерінің күніне» орай «Тіл — ұлт тағдыры» атты мерекелік іс-шара аталынып өтті. Аталған мерекелік іс-шара Тілдік пәндер кафедрасының доценті Зайсанбаев Т.Қ., оқытушы Канленова Б.Н., «Нұр-Отан» бастауыш партия ұйымының төрағасы профессор И.Ә.Қулманбет, Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобының жетекшісі С.А.Апсаттарова, бас маман А.Алдамжарованың біріге ұйымдастыруларымен өтті.
Жыл сайын 22-қыркүйекте тойланатын «Қазақстан халқы тілдерінің күні» биылдан бастап 5-қыркүйек күні тойланатын болды. Тілдер мерекесі күні қазақ жазуының реформаторы, қазақ тілі білімі ғылымының негізін қалаған ғұлама ғалым А.Байтұрсынұлының туған күніне орай ауыстырылды.
Бұл мереке – еліміздегі тіл саясатының жарқын көрінісі. Қазақстан Республикасы – барлық ұлттар мен ұлыстардың тілдерінің, дәстүрлерінің сақталуына барынша жағдай жасап отырған әлемдегі бірден-бір мемлекет.
Кеш шымылдығын ашқан Стратегиялық және корпоративтік даму жөніндегі проректор, профессор Датхаев Убайдилла Махамбетұлы бұл мерекенің маңыздылығын жан-жақты ашып көрсетті. Жиналған көпшілікті мерекемен құттықтай келе, У.М.Датхаев студенттерге кешке қатысып отырған тіл жанашырлары, қазақ тілінде медициналық оқулықтар жазып, қазақ тіліндегі медициналық терминдерді қалыптастыруға атсалысып жүрген профессорлар мен доценттерді студенттерге таныстырып өтті.
Кеш қонағы Алматы ақшамы» газетінің саяси шолушысы Әшірбек Амангелді Қазақстан Республикасындағы тіл саясаты туралы ойын ортаға салды. Қазақтардың шешен сөйлейтіндігіне таң қалған шетелдіктерді мысалға келтіре отырып, ата-бабамыздан қалған тіл байлығын одан әрі дамытуға шақырды.
Университет ректорының кеңесшісі, «Этикалық Кеңестің» төрайымы, профессор Мұстафина Жанар Ғабиденқызы қазақ тілінің байлығы жөнінде ой қозғап, бүгінгі күндегі тіл мәселесінің маңыздылығына баса назар аударды.
Кеш барысында университетіміздің театр үйірмесінің мүшелері мен 1 курс студенттері тіл туралы өлеңдер оқып, туған жер, Отан жайлы әндер айтып, өз өнерлерін ортаға салды.
Кешті С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, «Нұр Отан бастауыш партия ұйымының» төрағасы, профессор Қулманбет Исатай Әзімұлы қорытындылады. Ол медицина ғылымының қазақ тілінде дамуына зор үлес қосып жүрген оқытушыларға және өнерпаз студенттерге университет ректорының атынан Алғыс хаттар табыстады.
Кеш алға қойған мақсатына толық жетті деп сеніммен айтуға болады.
Тілдік пәндер кафедрасының доценті Т.Қ.Зайсанбаев
Шығармашылық топ жеткешісі Апсаттарова С.А.