ҚазҰМУ-да 1979 жылғы түлектер кездесуі өтті
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық университетінің Даңқ залында 1979 жылы «Емдеу ісі» мамандығы түлектерінің 45 жылдық кездесуі өтті. Альма-матерде бас қосқан түлектер университетте сағына қауышты. Оқу орнының бүгіні мен болашағы туралы ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов баяндап берді.
«Сіздерді қара шаңырақ Қазақ ұлттық медицина университетінде қарсы алуға қуаныштымыз. 45 жылдан кейін өздеріңіз білім алған университетке келдіңіздер. Әрине, қазір бұрынғымен салыстырғанда мүлдем өзгерді. Ғимараттар, оқу залдары, оқыту жүйесі, бәрі де жаңаша. Келесі жылы университеттің құрылғанына 95 жыл толады. Біз осы уақыт аралығында 100 мыңнан аса дәрігер маманды даярлап шығардық. Біз өз түлектерімізбен мақтанамыз!», – деді ҚазҰМУ-дың ректор-төрағасы Марат Едігеұлы.
1979 жылғы түлектер университет қабырғасында өткен студенттік жылдарын еске алып, тіпті ең алғашқы дәрістің дәл осы Даңқ залында өткенін атап өтті. Университет басшылығына және ҚазҰМУ Түлектер қауымдастығына кездесу ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
Сонымен қатар, бірқатар түлектерге «Университет мақтанышы» және «Үздік түлек» төсбелгілері табысталды.