ҚазҰМУ-да 2025 жылғы бітірушілерді жұмыс орындарына бөлу Комиссия отырысы өтті
2025 жылғы 25 маусымда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде оқуын аяқтаған бітірушілерді бөлу жөніндегі Комиссияның отырысы өтті.
Комиссия жұмысына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері, университет әкімшілігі, факультет декандары, Түлектердің мансап орталығының қызметкерлері, сондай-ақ өңірлік денсаулық сақтау басқармалары мен медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты. Өңірлік өкілдерге онлайн қатысу мүмкіндігі ұсынылды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелер:
- Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша оқуын аяқтаған 1680 түлекті (интернатура, резидентура, магистратура, PhD және «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» мамандығы) жұмысқа бөлу.
- 256 түлекті міндетті өтеуден босату (жүктілік, 3 жасқа дейінгі баланың болуы, І–ІІ топтағы мүгедектік және басқа да дәлелденген жағдайлар негізінде).
- Отбасылық жағдайына байланысты 46 түлекті қайта бөлу (некеге тұру, жұбайымен бірге тұру).
- 2024 жылғы ауылдық квота бойынша оқыған 2 түлекті отбасылық жағдайға байланысты қалаға қайта бөлу.
- 2021 және 2024 жылғы түлектердің келесі деңгейге (резидентура, магистратура, PhD) мемлекеттік грант негізінде оқуға түсуіне байланысты міндетті өтеуден босатылуы.
Отырыс қорытындысы бойынша түлектерді бөлу туралы хаттама бекітіліп, жұмыс орнына жолдамалар рәсімделді.
Жұмыс орындарына бөлінген барлық бітірушілерге жолдамалар беріледі.Комиссия шешімі туралы толық ақпаратты Мансап және жұмыспен қамту орталығынан және университеттің ресми сайтынан алуға болады.