ҚазҰМУ-да «Dara Fest – 2026» өнер байқауының салтанатты ашылуы өтті
2026 жылғы 17 ақпанда С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Concordia» театрында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған мектепаралық «Dara Fest – 2026» өнер байқауының салтанатты ашылуы өтті.
Ауқымды мәдени іс-шара университет студенттерінің шығармашылық әлеуетін дамытуға, отансүйгіштік рухын арттыруға және өнерге деген қызығушылығын қолдауға бағытталған.
Байқаудың ашылу салтанатында университет проректоры С.Е.Султангазиева құттықтау сөз сөйлеп, байқаудың маңыздылығына тоқталды. Ол жастардың шығармашылығын қолдау мен ұлттық құндылықтарды дәріптеу университеттің негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтіп, «Dara Fest – 2026» өнер арқылы бірлік пен патриоттық рухты нығайтатын алаң екенін айтып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Биылғы фестиваль үш кезеңнен тұрады және сегіз номинация бойынша өткізіледі. 17 ақпан күні байқаудың ашылу салтанаты өтіп, алғашқы кезең бастау алды.
Алғашқы кезең үш номинацияны қамтыды:
- Вокал (патриоттық әндерді дуэтпен орындау)
- Флешмоб
- Заманауи би
Байқаудың демеушілері – университет әкімшілігі және ҚазҰМУ жергілікті жұмысшылар кәсіподағы.
Қатысушылардың өнерін кәсіби қазылар алқасы бағалады. Қазылар құрамында М. Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры-ның белді актері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жалғас Толғанбай; Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі, Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық филармониясы жанындағы Б.Байқадамов атындағы мемлекеттік хор капелласының әртісі Қадырбаева Қаламқас Махмутбекқызы; халықаралық және республикалық байқаулардың лауреаты, «Алтынай», «Кулансаз» ансамбльдерінің балет әртісі Наржанова Ақбота Төребекқызы болды.
Байқау соңында әр номинация бойынша жүлделі орындар анықталып, жеңімпаздар марапатталды.
Дуэт номинациясының жеңімпаздары
Бас жүлде – Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің студенттері Калиахметов Айбол мен Нұрғали Ақерке («Желкілдек»).
I орын – Стоматология мектебінің студенттері Бақытжол Айарыс пен Мұхтар Азамат («Анаға хат»).
II орын – Фармация мектебінің студенттері Қалыбай Ұлжалғас пен Жанат Акежан («Туған жер»).
III орын – Жалпы медицина мектебінің студенттері Қуат Асел мен Кулбай Адель («Туған жер»).
«Талантты жұп» номинациясы – Халықаралық факультеттің 2-курс студенттері Arsalan Mushtaq пен Sreya Shibu («Оян, қазақ»).
Флешмоб номинациясы
Бас жүлде – Фармация мектебі
I орын – Жалпы медицина мектебі
II орын – Қоғамдық денсаулық сақтау мектебі
Заманауи би номинациясы
Бас жүлде – Жалпы медицина мектебі
I орын – Фармация мектебі
II орын – Стоматология мектебі
Барлық мектептер мен факультеттер жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Қазіргі таңда байқаудың келесі кезеңдеріне дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
«Dara Fest – 2026» – студент жастардың шығармашылық бастамаларын қолдайтын, өнер арқылы бірлік пен рухты нығайтатын маңызды мәдени жоба ретінде жалғасуда.












