ҚазҰМУ-да Executive MBA түлектеріне диплом табысталды
С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде денсаулық сақтау саласындағы Executive MBA білім беру бағдарламасының түлектеріне диплом тапсыру рәсімі өтті.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов өз құттықтау сөзінде бұл күннің университет өміріндегі ерекше маңызын атап өтті:
«Бүгін біз тек салтанатты рәсімге ғана жиналып отырған жоқпыз. Денсаулық сақтау саласындағы Executive MBA – жаңа буын көшбасшыларын қалыптастыратын бағдарлама. Сіздер алған білімдеріңіз бен басқарушылық құзыреттеріңіз қабылдайтын шешімдеріңіздің салмақты болуына, инновация енгізіп, медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді», – деді ректор.
Executive MBA бағдарламасының аяқталуы – маңызды кәсіби кезеңнің қорытындысы. Жаңа магистрлер ҚазҰМУ қабырғасынан тек теориялық біліммен ғана емес, күрделі жағдайларды талдай алатын, деректермен жұмыс істей білетін, басқарушылық міндеттерді дұрыс қоя отырып, заманауи менеджмент тәсілдері мен дәлелді медицина қағидаттарына сүйеніп шешім қабылдайтын басшылар ретінде шығып отыр.
2025 жылдың жазында бағдарламаны 27 магистрант сәтті аяқтаған болса, бүгін тағы 14 түлекке диплом табысталды. Бұл денсаулық сақтау жүйесін ішінен өзгертуге, өз ұйымдарында жаңа басқарушылық мәдениет қалыптастыруға дайын 14 жетекші.
Ректор өз сөзінде түлектерге:
«Сіздер университеттен тек магистр дәрежесі бар маман ретінде ғана емес, күрделі жағдайларды жүйелі талдап, деректерге сүйеніп шешім қабылдай алатын, дәлелді медицина мен заманауи менеджментті ұштастыра білетін басқарушылар ретінде шығасыздар. Мұндай құзыреттерсіз бүгінгі күні жеке клиниканы да, тұтас денсаулық сақтау жүйесін де дамыту мүмкін емес», – деп атап өтті.
Бағдарлама тыңдаушыларының басқарушылық және ғылыми әлеуетін арттыруға үлес қосқан профессорлық-оқытушылық құрамға, invited-спикерлер мен сарапшыларға алғыс білдірілді. Түлектерге кәсіби өсуге деген ұмтылысы, көшбасшылық көзқарасы және денсаулық сақтау жүйесімен бірге өзгеруге дайындығы үшін ризашылық айтылды.
Жаңа магистрлердің идеялары қолдау тауып, олардың қабылдаған басқарушылық шешімдері клиникалық және ұйымдастырушылық практикада нақты нәтижесін берсін. Түлектердің жеке жетістіктері Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесінің ортақ жетістігіне айналады деген сенім білдірілді.
















































