ҚазҰМУ делегациясы Ташкентте Гүлсім Асфендиярованың мемориалына гүл шоқтарын қойды
Өзбекстанда өтіп жатқан Қазақ медицинасының күндері аясында ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов бастаған делегация Ташкент қаласындағы Орталық Азиядағы тұңғыш әйел-дәрігер Гүлсім Асфендиярованың мемориалдық кешеніне барды.
Мемориал басындағы кездесуге Қарағанды медицина университетінің ректоры Бақыт Қошерова, Семей медицина университетінің ректоры Алтай Дюсупов, М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университетінің проректоры Нұргүл Әбенова, сондай-ақ Ташкент мемлекеттік медицина университетінің ректоры Шухрат Боймұрадов қатысты.
Қатысушылар Гүлсім Асфендиярованың зиратына гүл шоқтарын қойып, құран бағыштап, медицина жолында адал еңбек еткен тұлғаның рухына тағзым етті.
Гүлсім Асфендиярова (1880–1937) – Орталық Азиядағы тұңғыш әйел-дәрігер және жоғары медициналық білім алған алғашқы қазақ әйелі. Ол Ташкентте дүниеге келіп, 1908 жылы Санкт-Петербургтегі Әйелдер медицина институтын тәмамдаған. Акушерлік және гинекология саласында қызмет етіп, алғашқы жеке перзентхананы ашқан және әйелдерге көмек көрсету деңгейін арттырған акушерлерді даярлау курстарын ұйымдастырған.
Көп жылдар бойы оның жерленген жері белгісіз болып келді. Тек 2021 жылы «Ташкенттіктердің жады» тобының еріктілері Гүлсім Асфендиярованың бейітін Ташкенттегі Боткин зиратынан тапты. Мемориал Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің бастамасымен, ҚазҰМУ мен Қазақстанның Өзбекстандағы Елшілігінің қолдауымен 2024 жылы орнатылды.