ҚазҰМУ-дың бірінші проректоры Диляра Кайдарова «Онкологиядағы инновациялар» тақырыбында дәріс оқыды
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ кітапханасында Ғылым күніне орай ұйымдастырылған жетекші ғалым-академиктердің дәрістер циклі аясында маңызды кездесу өтті.
Медицина және денсаулық сақтау факультетінің студенттері мен жас зерттеушілеріне «Онкологиядағы инновациялар» тақырыбында мазмұнды дәріс медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан онкологтар қауымдастығының президенті Диляра Радиковна Кайдарова тарапынан оқылды.
Академиялық дәріс басталар алдында университет ректоры Жансейіт Түймебаев отандық денсаулық сақтау саласының көрнекті қайраткерінің құрметіне қабылдау өткізді. Кездесу барысында ҚазҰУ ректоры Диляра Кайдарованың қазақстандық медицина ғылымын жаһандық кеңістікке интеграциялаудағы еңбегін жоғары бағалап, жылы лебізін білдірді. Қазақстанда заманауи онкологиялық қызметті қалыптастырудағы және ғылым мен білім сабақтастығын нығайтудағы еңбегі үшін Диляра Кайдароваға «Әл-Фараби» алтын медалі табысталды.
Салтанатты рәсімнен кейін жалғасқан кездесуде ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов академиктің ғылыми жолына кеңінен тоқталып, оның жоғары жетістіктерін жан-жақты талдады.
Диляра Радиковна 250-ден астам іргелі ғылыми еңбектің авторы және көптеген халықаралық патенттердің иегері. Оның жетекшілігімен елімізде сәулелік терапияның озық технологиялары енгізіліп, емдеу сапасы жаңа деңгейге көтерілді. Профессордың еңбегі «Құрмет» орденімен және Халықаралық атом энергиясы агенттігінің (МАГАТЭ) беделді стипендиясымен марапатталған.
Өз дәрісінде академик онкологиядағы эпидемиологиялық жағдайға терең ғылыми талдау жасады. Лектордың мәліметінше, қазіргі таңда елімізде 218 мыңнан астам науқас динамикалық бақылауда. Мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында «2023–2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар» жүзеге асырылуда. Академиктің айтуынша, болашақ медицинасы — 3D технологияларды қолданатын роботтандырылған хирургия, ядролық медицинадағы тераностика және диагностикалық деректерді талдауда жасанды интеллектіні пайдалану.
Сонымен қатар ғалым қатерлі ісіктің алдын алуда вакцинацияның рөлін ғылыми тұрғыда негіздеп, 2045 жылға қарай бұл белгілі бір онкологиялық аурулардың таралуын 42%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік беретінін атап өтті.
Кездесу соңында жас ғалымдар академикпен жасушалық иммунотерапияның келешегі мен халықаралық зерттеу жобаларына қатысу мүмкіндіктерін талқылады.








