ҚазҰМУ-дың Даңқ залына академик Төрегелді Шармановтың есімі берілді
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің Даңқ залына академик Төрегелді Шармановтың есімі берілді. Бұл академиктің сіңірген еңбегіне, денсаулық сақтау саласына қосқан зор үлесіне деген құрмет болып табылады.
ҚазҰМУ Төрегелді Шармановтың альма-матері. 1947 жылы Төрегелді Шарманов 17 жасында біздің университетімізде медицина есігін алғаш ашқан болатын. Дәл осы залда академиктің алғашқы дәрістері өтті. ҚазҰМУ-дың Даңқ залы – 90 жылдағы қазақстандық медицинаның мақтанышы мен жетістіктері шоғырланған, маңызды отырыстар мен жиналыстар өткізілген университеттің негізгі залдарының бірі.
Төрегелді Шармановтың Қазақстан ғылымына қосқан үлесі зор. Академик әлі күнге дейін жас мамандарды тәрбиелеп, ел игілігі үшін тынымсыз еңбек етуде. Есімі бүкіл дүниежүзіне мәлім академик Төрегелді Шармановты ХХ ғасырдағы денсаулық сақтау саласының айтулы оқиғасы болған Алматы конференциясының ұйымдастырушысы ретінде біледі. Төрегелді Шарманов қазақ медицинасының қалыптасу мен даму жолында айтарлықтай еңбегi сiңген ғалым.
ҚазҰМУ – бұл еліміздің дәрігерлерді дайындаудағы үздік альма-матері. Өзінің 90 жылдық бай тарихында университеттен 100 мыңға жуық дәрігер түлеп шықты. Еліміздің әрбір үшінші медицина қызметкері біздің университеттің түлегі болып табылады.
ҚазҰМУ тек жетекші медициналық университет қана емес, сонымен қатар Қазақстанның жетекші ғылыми орталықтар мен ғылыми-зерттеу институттарын біріктіретін ғылыми орталық болып табылады. Бүгінгі таңда университет қазақстандық білім беру рейтингтерінде жетекші орында.
Медицина мамандарының ұстаханасына айналған ҚазҰМУ-да бүгінде 10 мыңға жуық студенттер, интерндер, резиденттер, магистранттар мен PhD докторанттары білім алады. Олардың арасында 19 елден келген 1200-ден астам шетелдік студенттер бар. ҚазҰМУ түлектері әлемнің 17 елінде жұмыс істейді. Университетте 7 мектеп пен факультет бар.
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да Қазақстанның белгілі ғалым-педагогтары, ҚР Ұлттық Ұлттық ғылым академиясының, Ресей медициналық ғылымдар академиясының, ҚР Профилактикалық медицина академиясының, Халықаралық акадамиялардың академиктері, еңбек сіңірген ғылым және білім қайраткерлері, еңбегі сіңген дәрігерлер мен фармацевтер қызмет етеді.