ҚазҰМУ-дың травматология және ортопедия кафедрасы екі жаңа оқулық ұсынды
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің травматология және ортопедия кафедрасының оқытушылары медициналық ғылым мен білімнің дамуына өз үлестерін қосуды жалғастыруда. Жуырда кафедра бірден екі жаңа оқу құралын жарыққа шығарды. Бұл еңбектер травматология және ортопедия саласындағы жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған.
«Травматология және ортопедия» оқу құралы
Авторлары:
- Саруарбек Сұлтанбекұлы Альходжаев — медицина ғылымдарының кандидаты, кафедра доценті, жоғары санатты травматолог, ҚР, РФ және Түркия травматологтар қауымдастығының мүшесі, хирургия және травматология саласындағы тәуелсіз сарапшы.
- Біржан Серікбекұлы Досмаилов — медицина ғылымдарының кандидаты, кафедра меңгерушісі, №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері, жоғары санатты травматолог.
Оқу құралы студенттерге, резиденттерге және тәжірибелі дәрігерлерге арналған. Онда травматология мен ортопедияның негізгі және клиникалық қырлары, отандық ерекшеліктер мен клиникалық хаттамалар ескерілген.
«Төс-бұғана буынын жедел емдеудің жаңа технологиялары» монографиясы
Авторы:
Ерғали Нұғыманұлы Нәбиев — медицина ғылымдарының докторы, кафедра профессоры, жоғары санатты травматолог, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген өнертапқышы.
Монография төс-бұғана буынының жарақаттарын заманауи тәсілдермен емдеуге арналған. Бұл еңбекте:
- анатомиялық-биомеханикалық сипаттамалар мен жарақаттардың жіктелуі,
- консервативті және хирургиялық емдеу әдістері,
- авторлық жаңа технологиялар, оның ішінде сыртқы бекіткіш құрылғы мен оңалту әдістемелері берілген.
Сонымен қатар, әзірленген тәсілдердің тиімділігін математикалық-биомеханикалық тұрғыда негіздеу мен клиникалық нәтижелері ұсынылған.
Монография травматолог-ортопедтерге, резиденттерге, докторанттарға және медициналық жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған.
Авторларды ғылыми жетістігімен құттықтаймыз және отандық медицинаға қосқан үлестері үшін алғыс айтамыз!