ҚазҰМУ-дың 667 резиденті диплом алды
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде резидентура бітірушілерге арналған салтанатты диплом тапсыру рәсімі өтті. 2025 жылы 46 сұранысқа ие мамандық бойынша 667 түлек оқуын аяқтады. Олардың ішінде 455-і – мемлекеттік грант иегерлері, 161-і – жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) грантымен, 46-сы – ақылы негізде, ал 5 түлек – медициналық ұйымдардың қаражаты есебінен білім алған.
Қазақстанның 10 өңірі мен Алматы қаласының жергілікті атқарушы органдарының (ЖАО) гранттары аясында 161 резидент резидентураға оқуға жолданды. Соның ішінде Алматы қаласы әкімдігі 26 түрлі мамандық бойынша 92 резиденттің оқу ақысын толықтай қаржыландырды.
Университет тарапынан 18 бітірушіге алғыс хаттар табысталып, үшеуі “Үздік түлек 2025” құрметті атағына ие болды.
«Жұмыс берушілер сіздерді күтіп отыр. Тек биылдың өзінде елімізге 2 200-ден астам медицина маманы қажет, оның ішінде ең сұранысқа ие – бүгінгі түлектеріміз», – деді ҚазҰМУ проректоры Светлана Сұлтанғазиева.
Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне сәйкес, елімізде 2200-ден астам медицина маманы, әсіресе тар бейінді мамандар қажет. ҚазҰМУ түлектерінің жұмыспен қамтылу көрсеткіші тұрақты түрде 98%-дан асады. Университет ұлттық және халықаралық рейтингтерде көш бастап келеді. ҚазҰМУ түлектері Қазақстанда ғана емес, шет елдерде де табысты еңбек етіп, оқу орнының жоғары деңгейін дәлелдеп жүр.