ҚазҰМУ жас ғалымына Президент атынан тұрғын үй сертификаты табысталды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды дамыту және жас зерттеушілерді қолдау жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында 2026 жылғы 13 ақпанда Алматы қаласында Қазақстанның 14 перспективалы жас ғалымына тұрғын үй сертификаттары табысталды. Аталған мемлекеттік бастама ғылыми жастар үшін тұрақты әлеуметтік жағдай қалыптастыруға және отандық ғылымның кадрлық әлеуетін нығайтуға бағытталған.
Сертификат иегерлерінің бірі – С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті Ғылыми-технологиялық паркінің жарияланымдық белсенділік бөлімінің басшысы Фазылов Тимур Ринатұлы.
Оның кәсіби қызметі университеттің зерттеу ортасын дамытуға және ғылыми нәтижелерді халықаралық деңгейде ілгерілетуге қосқан жүйелі үлесін айқын көрсетеді. Тимур Фазылов – шетелдік жоғары рейтингті ғылыми басылымдарда жарияланған 20-дан астам еңбектің авторы, Хирш индексі – 13, өнертабыстар мен пайдалы модельдерге арналған 40-тан астам патенттің авторы, сондай-ақ гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясындағы ғылыми жобаларға қатысушы.
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінде марапатталған жас ғалымдардың ғылыми жобаларға белсенді қатысатыны, зерттеу нәтижелерін беделді басылымдарда жариялайтыны және қазақстандық ғылымның бәсекеге қабілеттілігін арттыруға үлес қосатыны атап өтілді. Мұндай қолдау шаралары жас мамандардың мотивациясын күшейтіп, перспективалы кадрларды орнықтыруға ықпал ететіні және елдің зерттеу әлеуетін одан әрі дамытуға негіз қалайтыны айтылды. Сертификат иегерлері қатарында география, балық шаруашылығы, ақпараттық технологиялар, физика, химия, ауыл шаруашылығы және Қазақстанның заманауи ғылыми күн тәртібін қалыптастыратын өзге де бағыттардың мамандары бар.
Тұрғын үй сертификатын алу Тимур Фазыловтың кәсіби жетістіктерінің мойындалуы және жас ғалымдарды елдің инновациялық дамуының негізгі ресурсы ретінде қолдауға бағытталған мемлекеттің стратегиялық бағытының айқын көрінісі болды. Университет ұжымы Тимур Ринатұлын лайықты марапатымен шын жүректен құттықтап, алдағы уақытта жаңа ғылыми табыстар, кәсіби өсу және жаңа зерттеу жобаларын табысты жүзеге асыруын тілейді.



