ҚазҰМУ мен Шанхайдағы қытайлық әріптестер бірлескен жобаларды талқылады
2026 жылғы 27 наурызда Алматы қаласында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің (ҚазҰМУ) базасында Шанхай көлік университетіне қарасты Жуйцзинь ауруханасының (ҚХР) делегациясымен ресми кездесу өтті.
Іс-шара академик Шармановтың Даңқ залында өтіп, медициналық білім беру, ғылым және клиникалық тәжірибе салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға арналды.
Қытай тарапының делегациясын Жуйцзинь ауруханасының директоры, Қытай инженерлік академиясының академигі, эндокринология саласының жетекші маманы Нин Гуан басқарды. Өз сөзінде ол Қытайдағы жетекші медициналық орталықтардың бірі саналатын аурухананың жетістіктерін, соның ішінде эндокринология және созылмалы ауруларды басқару саласындағы тәжірибесін таныстырды. Сонымен қатар, Нин Гуан ынтымақтастықты нақты нәтижелерге бағыттау қажеттігін атап өтіп, тек талқылаумен шектелмей, нақты бірлескен әрекеттерге көшу керектігін ерекше атап өтті.
Кездесудің негізгі мақсаты денсаулық сақтау, медициналық білім беру және ғылым салаларындағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективаларын талқылау, сондай-ақ ШЫҰ-ның метаболикалық аурулар орталығы аясындағы өзара іс-қимылды, кадрлар даярлау мен академиялық алмасуларды қоса алғанда, бірлескен жобаларды дамыту болды.
Ерекше назар өзара сапарлар мен тағылымдамаларды ұйымдастыруға аударылды, оның ішінде 2026 жылдың өзінде қазақстандық мамандарды тәжірибе алмасу және біліктілікті арттыру мақсатында Шанхайға жіберу мүмкіндігі қарастырылды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар медициналық білім беру сапасын, ғылыми зерттеулерді және медициналық қызмет көрсетуді арттыруға бағытталған ұзақ мерзімді серіктестікті дамытуға өзара мүдделіліктерін растады.
















