ҚазҰМУ мұражайында ақиық ақын Төлеген Айбергеновтың қызы Салтанат Айбергеновамен кездесу
Құрметті әріптестер !
27.02.2018 жылы сағат 14.00-де С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ мұражайында ақиық ақын Төлеген Айбергеновтың қызы Салтанат Айбергеновамен кездесуге арналған кешке шакырамыз.
Төлеген Айбергенов (1937–1967) – 8 наурызда Қарақалпақстанның Қоңырат ауданында туған. Ташкент педагогикалық институтын бітірген (1959).
1959–1962 жж. Қоңырат ауданындағы орта мектепте мұғалім, 1962–1965 жж. Шымкент облысының Сарыағаш ауданындағы кешкі жастар мектебінде директор, 1965 жылдан Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы әдебиетті насихаттау бюросында қызмет істеді. Өлеңдері республикалық баспасөзде 1957 жылдан жарияланды. Туған жерге деген албырт сағыныш пен мөлдір махаббатқа толы бір топ өлеңдері 1961 жылы шыққан «Жас дәурен» атты ұжымдық жинақта басылды. Қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғақ, тегеурінді екпін әкелген поэтикалық жыр кітаптары: «Арман сапары» (1963), «Өмірге саяхат» (1965), «Құмдағы мұнаралар» (1968), «Мен саған ғашық едім» (1970), «Аманат» (1975), «Бір тойым бар» (1981), балаларға арналған «Бақшаға саяхат» сурет кітапшасы (1985) жарық көрді. Сондайақ орыс тілінде «Мир созвездия» (1987) деген атпен таңдамалы өлеңдері аударылып басылды. «Ақерке Жайық», «Жаңғырған Маңғыстау», «Қазақстан», «Сені ойладым», «Мені ойла», «Ақ қайыңдар», «Бір тойым бар», т.б. өлеңдеріне жазылған әндер ел арасына кеңінен танымал. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты (1974 жылы, қайтыс болғаннан кейін). 1997 жылы ақынның «Таңдамалы өлеңдер» жинағы мен ол туралы жазылған «Біргемін мен сендермен» атты естелік кітап, 2001 жылы «Бір тойым бар» атты жыр кітабы жарық көрді. Жастарға арналған Т.Айбергенов атындағы әдеби сыйлық бар.