ҚазҰМУ оқытушылары ғылым және білім саласындағы республикалық наградаларға ие болды
2026 жылғы 13 ақпанда Алматы қаласында Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының ғимаратында ғылым және білім саласындағы наградаларды тапсырудың салтанатты рәсімі өтті.
Наградаларды лауреаттарға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, ҚР ҰҒА президенті Ақылбек Күрішбаев және Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова табыстады.
Іс-шара барысында отандық ғылым мен жоғары білім беру жүйесінің дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен жоғары оқу орындарының оқытушылары, сондай-ақ «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2025» және «Үздік ғылыми қызметкер – 2025» республикалық конкурстарының жеңімпаздары марапатталды.
Лауреаттар қатарында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің қызметкерлері бар. «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2025» атағына биотехнология және жалпы химиялық технология кафедрасының меңгерушісі Жапарқұлова Карлыгаш Алтынбекқызы мен инженерлік пәндер және тиісті практикалар кафедрасының қауымдастырылған профессоры Момбеков Сержан Есімбайұлы ие болды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша олар еліміздің 150 үздік оқытушысының қатарына енді.
«Үздік ғылыми қызметкер – 2025» наградасымен денсаулық сақтау саясаты және менеджменті кафедрасының меңгерушісі Көшербаева Ләззат Көшербайқызы марапатталды. Ол конкурстық іріктеу нәтижесінде елдегі 50 үздік ғылыми қызметкердің қатарына кірді.
Жеңімпаздарды анықтау барысында отандық және халықаралық ғылыми басылымдардағы жарияланымдар, электрондық білім беру ресурстары мен оқу-әдістемелік материалдарды әзірлеу, патенттердің болуы және өзге де кәсіби жетістіктер ескерілді. Сондай-ақ оқыту сапасына және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру жүйесі үшін кадрлар даярлауға қосқан үлесіне ерекше назар аударылды.
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті әріптестерін лайықты марапаттарымен құттықтап, ғылым мен жоғары білімді дамыту жолында жаңа жетістіктер мен табысты нәтижелер тілейді.





