ҚазҰМУ Оңтүстік Кореядан келген Сун Чон Хян университетінің медициналық орталығымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Қазақстанның жетекші медициналық жоғары оқу орны – Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің серіктестерінің тізімі толығуда. Бүгін жоғары оқу орнына Оңтүстік Корея делегациясы келді. Оңтүстік Кореяның Пучон қаласының бірқатар клиникалары, медициналық орталықтары мен ауруханаларының өкілдері, сонымен қатар, осы қаланың мэрі Қазақстанға С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-мен тығыз байланыс орнату үшін келді.
«Пучон қаласында ауыр ауруларды емдейтін көптеген медициналық ұйымдар жұмыс істейді. Біз ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою үшін Қазақстанның ең озық медициналық университеттерінің біріне келгенімізге өте қуаныштымыз. Біз бірқатар мәселелер бойынша серіктес боламыз деп үміттенемін», – деп атап өтті Пучон қаласының мэрі Чо Ен Ик.
Университет госпиталінің директоры Сун Чон Хян келешекте Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-мен академиялық ұтқырлық, студенттермен, оқытушылармен алмасу, тәжірибе алмасу, ғылыми және білім беру бойынша іс-шараларды бірлесіп өткізу саласында ұзақ мерзімді және тығыз ынтымақтастыққа үміт артты.
«Біз үшін бұл университетпен ынтымақтастық туралы меморандумға отыру зор мәртебе. Қазір осы аймақтардың басқа елдерінен келген студенттермен алмасу бойынша білім беріп жатырмыз, егер ҚазҰМУ студенттеріне дәл осындай мүмкіндік болса игі болар еді. Жоғары оқу орнына бұдан әрі өркендеуді және бүкіл Орталық Азиядағы медициналық білім беруде көшбасшы болуды тілеймін. Біз бұл меморандумның рәсімделгеніне өте қуаныштымыз және жұмысымызбен жеке танысу үшін сіздерді университет госпиталіне шақырамыз», – деп атап өтті Пучон қаласындағы Сунчонхян университеті госпиталінің директоры Син Ын Джин.
ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов Қазақ ұлттық медицина университеті жыл сайын Оңтүстік Кореямен ынтымақтастықты күшейтіп жатқанын алға тартты. Қазір жоғары оқу орны Кангбук ұлттық университетінің госпиталімен (Kyungpook national University Hospital (KNUH) және «Орталық Азия – Корея Республикасы» ынтымақтастық форумының хатшылығымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Олардың көмегімен Корей дәстүрлі медицинасы бойынша семинар өткізілді. Вонг Ван университетінің (Wonkwang University) қолдауымен академиялық ұтқырлық жүзеге асырылды, біздің екі интерн Оңтүстік Кореяда білім алды. Пусан ұлттық университетінің госпиталінің профессорлары Ли Юнсуб (LeeJungsub) және Парк Вансок (Park Wonseok) ортопедия саласындағы патологиясы бар балаларға операциялар, омыртқа аймағында туа біткен ауруларды емдеу жүргізу бойынша мастер класстар өткізді.
«Біз Оңтүстік Кореяның медициналық және білім беру орталықтарымен ынтымақтастыққа қуаныштымыз. Біздің ынтымақтастығымыз медицина саласындағы денсаулық сақтау мен білім беруді дамытуға оң әсер етеді. Университетімізде Оңтүстік Кореяда ғана емес, бүкіл әлемге танымал онкогематолог Ю Чхоль Чхудың есімімен аталатын аудитория бар. Ол сондай-ақ біздің университеттің құрметті профессоры», – деп атап өтті ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Оңтүстік Корея медициналық орталығы мен С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандум оқытушылармен, қызметкерлермен және студенттермен өзара академиялық және ғылыми алмасуларды жүзеге асыруға жәрдемдесуді, халықаралық білім беру, ғылыми және практикалық іс-шараларға қатысуды, сондай-ақ медицина қызметкерлері үшін клиникалық медицина саласында бірлескен кәсіптік тағылымдамаларды ұйымдастыруды және өткізуді қамтиды.
Оңтүстік Кореядан келген қонақтар кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтына барып, мекеменің жұмысымен танысты.