ҚазҰМУ Оңтүстік Кореяның жетекші орталықтандырылған зертханасымен ынтымақтастық мәселелерін талқылады
Бүгін Қазақ ұлттық медицина университетінде Кореядағы жетекші орталықтандырылған зертханалардың бірі болып табылатын «Seegene Medical Foundation» АҚ компаниясының өкілдерімен университет басшылығының кездесуі өтті. Талқылаудың басты мәселелері емхана ашу және С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен бірлесіп Қазақстанда орталықтандырылған зертхана құру мүмкіндігі болды.
«Seegene Medical Foundation» – 1990 жылы Сеулде құрылған, қызметтері диагностикалық тексеру, молекулалық диагностика, иммунитетті тексеру, патологияны диагностикалау және зерттеу сынақтары болып табылатын қор. Қор физикалық-химиялық талдауға арналған ең жаңа автоматты және жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған, бұл еліміздің медициналық мекемелерінде науқастарды ерте диагностикалауға және уақтылы емдеуге ықпал етеді.
Қор медициналық диагностикалық тест, молекулалық диагностикалық тест, патологиялық тест және тағы басқаларды қоса алғанда, ауруларды тестілеу бойынша 4000-нан астам қызмет көрсетеді, сондай-ақ ұлттық ұйымдардың, университеттердің, корпоративтік зерттеу институттарының және т. б. зерттеу жобаларына қолдау көрсетеді.
Қазіргі уақытта компания 200 төсектік аурухана салу және Алматы қаласында жұмыс істеп тұрған биомолекулалық зертхананы кеңейту бойынша жобаны пысықтауда.
Тараптар білім беру және зерттеу саласындағы ынтымақтастықтың болашағын, патологиялық анатомия кафедрасының мамандарын тарту мүмкіндіктерін, жоғары нәтижелі және экологиялық таза өндірістерге негізделген технологиялар трансфертін көздейтін жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін, сондай-ақ студенттердің жаңа зертхана базасында тәжірибеден өтуін талқылады.
Ақпараттық анықтама
2021 жылы Medical Partners Korea Qazaqstan мен Алматы қаласының әкімдігі арасында жоба бойынша ынтымақтастық туралы Меморандум жасалды. 2022 жылдың 4 сәуірінде Алматы қаласында Жобаны іске асыру мәселесі бойынша Medical Partners Korea Qazaqstan өкілдерімен кездесу өтті. Жобаны жүзеге асыру барысында туындайтын мәселелер бойынша жедел шешім қабылдауға бағытталған жұмыс тобын құру мәселесі де қаралды. 2022 жылы компания өкілдерімен қосымша кездесу өткізілді.
Алматы қаласының әкімдігі Seegene өкілдерімен кеңес өткізді. Кеңес барысында Алматының индустриялық аймағының аумағында зертхана мен медициналық заттардың өндірістік блогының құрылысы жоспарланып отырғаны туралы мәселе талқыланды.
Қазіргі уақытта Seegene компаниясы Medical Partners Korea Qazaqstan 100% үлесін сатып алуда. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында барлық құжаттарға қол қою және Қазақстанда қызметті бастау жоспарлануда.