ҚазҰМУ ректоры белсенді студенттермен кездесті
Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Марат Едігеұлы университеттің белсенді студенттерімен жүздесті. Жаңа оқу жылына сәттілік тілей отырып, студенттердің сұрақтарына жауап беріп, күрмеулі мәселелерді шешетінін мәлімдеді. Оқу орнының жаңа заманауи үлгіде дамуына және студенттерге қолайлы жағдай жасауға байланысты атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.
Сонымен қатар, зертханалық жұмыстар мен ғылыми жаңалықтар ашуға бейім студенттерді әрқашан қолдайтынын жеткізді. Әсіресе, ғылыми идеяларды іске асыратын жастарды қолдауға университет базасында құрылған Эндаумент қордың да ниетті екенін мәлімдеді. Студенттермен жыл сайын өткізілетін түрлі іс-шаралармен қатар ғылым мен біліктілік мәселесіне де баса назар аударудың жөн екенін айтты. Себебі, ҚазҰМУ – еліміздегі ең үздік және тарихи медициналық жоғарғы оқу орыны. Еліміздің әрбір үшінші дәрігері дәл осы университеттен шыққанын және олардың еліміздің құрметті дәрігерлері екенін алға тартты.
Белсенді студенттер жатақхана, академиялық оқу, студенттік өмір және шетелге тәжірибеге баруға байланысты сұрақтарына университеттің басқарма төрағасынан жауап алды. Студенттік үкімет ұйымының алдағы уақытта атқаратын жобалары мен жұмыстары талқыланды.