ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов Наурыз мерекесімен құттықтады
Құрметті оқытушылар, қызметкерлер, студенттер мен түлектер!
Сіздерді Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті ұжымы атынан Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Біз Ұлы даланың ежелгі дәстүрлерін қайта жаңғыртып, 14 наурыздан бастап Амал мерекесін атап өтудеміз. Бұл мереке ғасырлар қойнауынан тамыр алып, жаңару мен бірліктің, өсіп-өркендеудің символына айналған.
Наурыз – ағайынды бауырмалдыққа, көрші-қолаңды татулыққа және береке-бірлікке шақырады. Бұл туралы Ұлы Абай «Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасып» деп жырлаған.
Көктем – өмірдің жеңісін сипаттайтын мезгіл. Көрісу күні біз бір-бірімізбен жүздесіп, жаңа бастамаларға қуаныш білдіреміз. Осыдан 95 жыл бұрын дәл осылай біздің Альма-матердің алғашқы студенттері бас қосып, адамдардың денсаулығына қызмет ету жолын таңдаған еді. ҚазҰМУ – медициналық өнер дәстүрлерін сақтаудың әрі қайта жаңғыртудың алтын ұясы.
Бүгінде университетіміз әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары және клиникаларымен тығыз әріптестік орнатып, жаһандық академиялық және ғылыми-клиникалық кеңістікке белсенді интеграциялануда.
Біз студенттерімізбен мақтанамыз — ҚазҰМУ-дың ауқымды медициналық отбасы бүгінде 37-ден астам елді, 46 ұлт өкілдерін, 3000-нан аса шетелдік студентті біріктіріп отыр. Олар біздің қауымдастығымызды байытып, медицина саласының жаһандық дамуына үлес қосуда.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз әрқайсымызға жаңа мүмкіндіктер, табыс пен береке әкелсін! Баршаңызға зор денсаулық, амандық, еліміздің және әлемнің денсаулығына қызмет ету жолындағы ортақ миссиямызда табыс тілеймін!
Ізгі ниетпен, ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов