ҚАЗҰМУ РЕКТОРЫ НҰРҒОЖИН ТАЛҒАТ СЕЙІТЖАНҰЛЫНЫҢ ҰСТАЗДАР МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУЫ
Құрметті достар, әріптестер
Біз бүгін ең асыл мамандықтардың бірі – Ұстаздар күнін атап өтіп отырмыз. Бұл мереке шын мәнінде халықаралық мерекеге айналған. Ұстаздық ұлы қызмет, жүктелген міндеті зор, ұстаздың жолы өзгелер үшін өнеге, үлгі екені даусыз. Барлық әйгілі философтар, ғалымдар мен ұлы ойшылдардың өз тәлімгерлері болған, олар болашақ ұлы тұлғаларды білім нәрімен сусындатып, тәлімі мол тәрбие берген. Қазірде әрқайсымыздан өмірімізде ең жарқын із қалдырған, жеке тұлға болып қалыптасуымызға игі әсерін тигізген жанды атауды сұрасақ, сөзсіз бірінші қатарда ұстаздарымыздың есімдері болмақ. Ұстаз болу дәрігер болумен тең дәрежеде ең маңызды, ең асыл, ең қасиетті мамандық деп айтуға болады. Ал, болашақ дәрігерлердің оқытушылары екі есе сый-құрметке лайық!
Атақты жазушы Ричард Бах: «Сіздің ұстазыңыз сізге білім берген адам емес, сіз білім алған адам», – деді. Осыған орай, мен ҚазҰМУ оқытушылары Қазақстандағы ең үздік оқытушылар деп растауға қуаныштымын. Оның дәлелі – марапаттар, атақтар, ең бастысы – өз білімдерін көрсете алатын және науқастарды емдеуде қолдана алатын студенттеріміз, түлектеріміз. Біз Университетте өз білімін үнемі жетілдіруді ғана емес, жанашыр болуға, жақындарымызға қамқорлық көрсетуге, риясыздыққа және біз үшін ең құнды – қазақстандықтардың денсаулығын сақтау үшін барын салуға үйретеміз.
Біздің студенттер коронавирус пандемиясы кезінде қазақстандықтарды індеттен қорғау үшін алғашқы болып аяғынан тік тұрып, Алматылықтарға көмек көрсетіп өздерін лайықты көрсете білді. Мұның бәрі студенттерге Университет қабырғасында өз өмірі мен денсаулығына төнген тәуекелдерге, тіпті өлім қауіпіне қарамастан адамдарға медициналық көмек көрсетуге әрдайым дайын тұратын сіздердің оқытушылардың көрсеткен ұлағатты үлгілеріңіздің, білім мен тәлім-тәрбиелеріңіздің арқасында деп білемін. Бұл жұмыстар бүгінгі күнге дейін ауруханаларда, инфекциялық стационарларда, вакцинация пункттерінде жалғасуда. Халықтың денсаулығы үшін маңызды барлық мекемелерде әлі күнге біздің резиденттеріміз, түлектеріміз, қызметкерлеріміз қажырлы еңбек етуде.
Қымбатты достар, Сіздерге шексіз қуат, денсаулық, қуаныш пен жарқын көңіл күй тілеймін. Ұстаздық – бұл жай ғана мамандық емес, бұл өмірлік кәсіп. Алдағы уақытта да біздің оқытушыларымыз бұл атақты абыроймен атқарып, жаңа дәрігерлерді тәрбиелеп, еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуға және әрбір қазақстандықтың денсаулығы мен игілігіне баға жетпес құнды үлес қосады деп сенемін.
Мереке құтты болсын, құрметті ұстаздар!