ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожиннің Алматы қаласы жұртшылығы алдында есеп беру кездесуі өтті
20 қыркүйек күні «Concordia» театрында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің ректоры, профессор Нұрғожин Талғат Сейітжанұлы Алматы қаласы жұртшылығы алдында есеп беру кездесуін өткізді. Ректор кездесуде 2018-2019 оқу жылындағы жұмыстарды қорытындылап, университеттің оқу, ғылыми, инновациялық, қаржылық, экономикалық, әлеуметтік және тәрбиелік жұмыстар жөнінде жан-жақты талдау жасады. Сондай-ақ, жеткен жетістіктерді сөз етіп, университеттің стратегиялық мақсаттары мен даму бағыттарын жариялады.
Іс-шараға университет ректорлары, ҚазҰМУ-дың студенттері, оқытушылары, қызметкерлері, сонымен қатар Университеттердің түлектер Қауымдастығының өкілдері, университеттің ата-аналар комитетінің мүшелері, қалалық және Алмалы ауданы әкімдігінің қызметкерлері, «Нұр Отан» партиясының өкілдері, қалалық ауруханалар мен университет клиникаларының бас дәрігерлері, қаланың медициналық қоғамдастық өкілдері қатысты.
Соңғы онжылдықта денсаулық сақтау саласында орын алған үлкен өзгерістер елдегі медициналық жоғары оқу орындарына жаңа міндеттер мен талаптар қойып отыр. Болашақ дәрігерлер пациенттерді емдеудің Кеңестік кезеңдегі тәсілдерден алшақтап, пациенттерге мүлдем басқаша көзқарас жасап, бәсекелестікті арттыратын сақтандыру жүйесінде жұмыс істеуге дайын болуы керек. Талғат Нұрғожин атап өткендей, университетіміз дәрігерлерді даярлау жүйесін жетілдіруде белгілі жетістіктерге қол жеткізді.
ҚазҰМУ үшін биылғы жыл ерекше болды. Қорытындылай келе, бұл кезең – даму кезеңі, өткен жылдар аралығы жоспарлаған көптеген бастамаларды іске асыру уақыты болды деп айтуға болады. Медициналық білім саласындағы жаңа жетістіктерге жету үшін өз тәжірибелерімен бөлісуге, жақсартуға және бізбен бірге жұмыс істеуге көмектесетін университет серіктестерінің саны артып отыр.
Практика, білім және ғылым интеграциясы
Тәжірибесі жоқ дәрігерлерді даярлау адами тұрғыдан қарағанда болашақ пациенттерге жасап отырған қылмыспен тең. Студенттердің білім алуының практикалық бөлігін кеңейту қажеттілігі ұзақ уақыт бойы талқыланып келеді. Сапалы білім беру және жоғары дәрежелі дәрігерлерді даярлау басты міндет болып табылады. Білім берудің жаңа моделінің басты мақсаты алты жылда педиатрия, хирургия, акушерия және басқа да фундаменталды медициналық пәндер бойынша практикалық дағдылары бар «әмбебап дәрігерді» дайындап шығару болып табылады. Ол үшін алдымен алған білімді практикамен шыңдауға көңіл бөлу қажет. Кейіннен, жинақталған тәжірибеге сүйене отырып, дәрігер тар ауқымды мамандықты таңдайды.
ҚазҰМУ – ғылыми кластер
Биыл бұл мәселенің шешімі табылған болатын. 2018 жылы Алматы қаласында орналасқан бес жетекші ғылыми-зерттеу институттары университет құрылымына берілді. Яғни, ҚазҰМУ құрамы жоғары білікті дәрігерлермен толықтырылды, болашақ дәрігерлер енді практикада барлық саладағы жетекші дәрігерлерден білім алуға мүмкіндік туады. Мұндай мамандарды даярлау жүйесі әлемдегі барлық жетекші медициналық университеттерде мойындалған. Бұл жүйе біздің университетке жоғары білікті мамандарды даярлаудың жолын одан әрі жоғарылатуға мүмкіндік береді. Осылайша, университет болашақ дәрігерлердің кең көлемде білім ала алатын қуатты ғылыми кластерге айналды.
Академиялық дербестік
ҚазҰМУ бірінші болып коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды. Бұл дегеніміз оқытушылар мен ғалымдарға халықтың қажеттіліктерін толық қанағаттандыру үшін дәрігерлерге қандай білім қажет екенін анықтау керектігін білдіреді.
Медициналық білім беруде көшбасшы
Университет еліміздегі медициналық білім беруде көшбасшылықты сақтап келеді: Денсаулық сақтау және фармация саласындағы барлық бакалавриат мамандықтары бойынша рейтингте 1-ші орында; Медициналық университеттердің ұлттық рейтингінде 1-ші орында; Бес білім беру бағдарламасы бойынша денсаулық сақтаудың білім беру бағдарламаларының ұлттық рейтингінде 1-ші орында; Қазақстан жоғары оқу орындарының тәуелсіз рейтингінде 1-ші орында.
ҚазҰМУ – зерттеу жоғары оқу орны
Бүгінгі таңда Қазақстанда ұлттық зерттеу мәртебесі бар жалғыз медициналық университет – ол ҚазҰМУ. Университет тек білім беру ғана емес, сонымен қатар әлемдік деңгейдегі ғылыми мекеме болып табылады. Университтет профессорлық-оқытушылар құрамының, докторанттардың, магистранттардың, резиденттер мен студенттердің ғылыми жұмысын жақсартуға және ынталандыруға баса назар аударады.
Халықаралық ынтымақтастық
Жаһандану кезеңінде еліміздегі жоғары оқу орындарына қоятын талаптарының бірі – олардың халықаралық білім, ғылыми және инновациялық кеңістікке барынша интеграциялануы. ҚазҰМУ бұл тарапта технологиялармен, ғылыми кадрлармен және білім беру қызметтері мен идия алмасу процесіне белсене қатысады. Қазіргі уақытта университеттің серіктестері – 102 университеттер, 36 елдің медициналық және ғылыми ұйымдары. 2018-2019 оқу жылында бір жыл ішінде шетелдік білім беру, ғылыми және клиникалық ұйымдармен ынтымақтастық туралы 24 келісім мен меморандумға қол қойылды.
6 жылдық оқу жүйесіне көшу
2019-2020 оқу жылынан бастап «Медицина» бағдарламасы бойынша мамандар даярлаудың жаңа стандарты енгізіледі. Бұл стандарт алты жылдық үздіксіз интеграцияланған медициналық білім беруді қарастырады. Алты жылдан кейін түлекке жоғары білімі туралы MD/+MSc дипломы табысталады.
Білім сапасы үшін күрес
ҚазҰМУ академиялық адалдық лигасының негізін қалаушылардың бірі болды. Бұл қадам университеттің білім сапасына деген жауапкершілікті арттырады. Академиялық адалдық лигасының мақсаты – академиялық адалдық принциптерін енгізу және оны алға жылжыту арқылы білім сапасын арттыру.
Магистратура мен докторантураға арналған білім беру бағдарламалары
ҚазҰМУ магистратурада және докторантурада білім беру бағдарламаларының аясын кеңейтіп отыр. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларының тізбесіне келесі магистратура бағдарламалары жасалды: Биомедицина, Денсаулық сақтау саласындағы менеджмент, Электрондық денсаулық сақтау, Ғаламдық денсаулық сақтау, Эпидемиология, Денсаулық сақтау саласындағы психология, Фармациядағы косметология, ал докторантурада – Мейірбике ісі.
3 + 1. ҚазҰМУ студенттері американдық университеттің дипломын ала алады
Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде 2019-2020 оқу жылына қос дипломды бағдарлама бойынша талапкерлерді іріктеу басталды. Студенттер «қоғамдық денсаулық сақтау» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алады. Түлектер қоғамдастық деңгейінде және басқа салаларда, оның ішінде халықаралық деңгейде аурудың алдын-алу бойынша тиімді жұмыс жасай алады. Екі деңгейлі оқу бағдарламасы 3 + 1 үлгісіне сәйкес жүзеге асырылады:
1-3 курсты студенттер ҚазҰМУ-да оқиды;
4 курсты студенттер UA SUNY-да (АҚШ) оқиды.
Қос дипломды бағдарлама бойынша оқуды аяқтаған студенттер 2 университеттің (ҚазҰМУ және UA SUNY) қазақ және американдық дипломдарын алады.
Жаңа жатақхана
512 студентке шақталған заманауи жатақхана 9 қабаттан тұрады. Ғимаратта тәлімгерлерге жайлы жағдай жасалған. 75 орындық асхана, 30 орынды оқу залы, жоғары жылдамдықтағы интернет желісі, дәрігерлік бекет те бар.
ҚазҰМУ бүгінгі таңда елімізде өз есебінен жатақхана салған жалғыз университет. Біз оны мақтан тұтамыз, өйткені біз студенттеріміздің баспана тапшылығын іс жүзінде шеше алдық.
Қызметкерлер құрамын бірте-бірте жасарту бағытын қолға алу
Кез-келген ұйымның негізін қызметкерлер құрайды. Әсіресе, қызметкерлердің біліктілігінен және біліктілікті тиімді пайдалану арқылы ұйымның қызмет көрсеткіші артады. Осыған орай, қазіргі уақытта университет профессор-оқытушылар құрамын жасартуда. Медициналық технологиялардың қарқынды дамуын, еліміздің басшылығы алға қойған жаңа міндеттердің көлемін ескере отырып, ҚазҰМУ осы бағытты алып отыр.
Университет жас зерттеушілер мен оқытушыларға сенім артады. Өйткені, жаңа әдістер мен технологияларды құруда, ғылыми зерттеулердің тиімділігін арттыруда және оқытушылардың педагогикалық шеберлігін жетілдіруде бұл аса қажетті болып табылады.