ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожиннің жаңажылдық құттықтауы
Құрметті әріптестер, оқытушылар, қызметкерлер және студенттер! Сіздерді Жаңа 2020 жылмен шын жүректен құттықтаймын!
Санаулы күндерден кейін 2019 жыл да тарих қойнауына кетеді. Университет ұжымы үшін биылғы жыл жемісті болды. Бұл ретте біз бірлесе жоғары кәсібилік танытып, өз ісімізді адал атқардық. Бір-бірімізге құрмет көрсете отырып, алға қойған міндеттерді табысты орындадық. ҚазҰМУ – біздің екінші үйіміз, барлығымыз бұл жерде бар қиындықтарды бірге өткеріп, ұйымшылдықтың арқасында үлкен жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Бұған дәлел -студенттеріміз бен оқытушыларымыздың ғылыми, педагогикалық, спорттық, шығармашылық қызметтегі айтулы жеңістері.
Жаңа жыл қарсаңында барлық әріптестерімнің адал еңбектері үшін, жұмыс барысында танытқан жоғары белсенділіктері мен кәсібиліктері үшін алғыс білдіргім келеді. Сіздердің ұзақ жылғы еңбектеріңіздің арқасында университет жаңа белестерді бағындырып, бүгінгі таңда жақсы көрсеткіштерге жетіп отыр. Университетіміз еліміздің үздік медициналық жоғары оқу орны мәртебесіне ие, студенттеріміз өздерінің кәсіби дағдыларын толығымен растап отыр, ал университетіміздің клиникаларында жоғары дәрежелі бірегей операциялар жүргізілуде – бұның бәрі сіздердің қажырлы еңбектеріңіздің жемісі болып табылады.
Құрметті әріптестер, бізді біріктіретін ортақ мақсат – сүйікті университетімізге өз үлесімізді тигізіп, оның көркеюіне, дамуына шынайы атсалысу. 2020 жыл жаңа жетістіктерге толы жыл болмақ. Келер жылы университетіміз 90 жылдық мерейтойын атап өтпек. Алда біз барлық салада тыңғылықты жұмыс атқаруымыз керек, бірінші кезекте – білім, ғылым саласы бойынша және студенттерге қолайлы орта құруда. Университет ұжымы әрі қарай да осылай жұмыла еліміздің денсаулық сақтау саласын дамытуда нәтижелі жұмыс атқарады деген үміттемін.
ҚазҰМУ-дың барлық түлектерін, осы жылдар бойы университеттің даңқын арттырып, қалыптастырған адамдарға ерекше алғысымды білдіріп, мерекемен құттықтаймын! Университетімізге әр түлектің орны бөлек, әр түлек біздің үлкен медициналық отбасымыздың ажырамас бөлігі. Келе жатқан жаңа жыл жаңа мүмкіндіктер, жаңа идеялар әкеліп, табысқа толы жыл болатынына мен нық сенемін. Жұмыста табыс, жаңа творчестволық ізденулер мен бастамалардың, белгілеп отырған барлық жоспарларыңыздың жүзеге асуын тілеймін! 2020 жыл ізгі тілектердің орындалатын, қуаныш пен табысқа кенелетін, баяндылық пен өсіп-өркендеу жылы болып, әр шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенеле берсін!
Жаңа жылдарыңызбен! Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Құрметпен,
ҚазҰМУ Ректоры Талғат Нұрғожин