ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин университеттегі басты өзгерістер туралы айтып берді
ҚазҰМУ ректоры, профессор Талғат Нұрғожин халыққа есеп беру кездесуі өткен болатын. Ректор кездесуде 2019-2020 оқу жылындағы жұмыстарды қорытындылап, университеттің оқу, ғылыми, инновациялық, қаржылық, экономикалық, әлеуметтік және тәрбиелік жұмыстар жөнінде жан-жақты талдау жасап, жеткен жетістіктерді сөз етіп, университеттің стратегиялық мақсаттары мен даму бағыттарын жариялады.
Биыл университетке 1 578 студент қабылданды. Айта кету керек, резиденттер саны айтарлықтай өсті. Бұл университетте жаңа білім беру бағдарламаларының өзекті екенін көрсетеді. ҚазҰМУ-дың шетелдік студенттер арасында танымалдығы да артып келеді, 2019 жылы 16 елден студенттер оқуға түссе, биыл19 елден студенттер оқуға түскен.
Студенттер аралық аттестаттаудың жоғары нәтижелерін көрсетіп, «өте жақсы» және «жақсы» деген бағамен тапсырды.
«Жалпы медицинаға» грантқа ең төменгі шекті деңгей – 131-132, ең жоғары балл 140. Кейбір факультеттерге — 137 балл. Бізге ең үздік, мектеп озаттары келіп түседі, олар біздің университетте де жақсы оқиды», — деді Нұрғожин.
Білім беру рейтингтеріндегі көшбасшылық
Университет QS EECA ЖОО рейтингінің ТОП-200 қатарына кіріп, 152-ші орынға ие болды. 2020 жылғы Студенттер альянсының рейтингінде ҚазҰМУ еліміздегі ТОП-10 жоғары оқу арасында 2-ші орынға ие болды. Аккредиттеу мен рейтинг тәуелсіз агенттігінің (АРТА) жоғарғы оқу орындары арасындағы 2019 жылғы ұлттық білім беру бағдарламары рейтингіне ҚазҰМУ бағдарламалары 1-ші және 2-ші орындарды иеленді.
ҚазҰМУ веб-порталы Webometrics Ranking of World Universities 2020 рейтингінде еліміздің үздік сайттарының төрттігінде және медициналық ЖОО арасында бірінші орында. ҚазҰМУ жоғары оқу орындарының халықаралық рейтингінде 30 000-нан астам сайттың 3862-ші позициясын иеленді. «ҚазҰМУ хабаршысы» журналы қазақстандық басылымдар арасында Ресейлік ғылыми дәйексөз индексінің деректер базасында 1 орынға ие болды.
Қосдипломды білім беру бағдарламалары, сондай-ақ университеттік біілім беру бағдарламалары
ҚазҰМУ-да 89 білім беру бағдарламасы бар, олардың 23-і 2019 жылы енгізілген болатын, бұл университетке берілген автономияның арқасында жүзеге асып отыр.
Магистратурада және докторантура бойынша ҚазҰМУ өз бағдарламаларын жасап шығарды: магистратурада — Биомедицина, Денсаулық сақтаудағы менеджмент, Электрондық денсаулық сақтау, Жаһандық денсаулық сақтау, Эпидемиология, Денсаулық сақтаудағы психология, Фармациядағы косметология, докторантурада — Мейіргер ғылымы.
Сонымен қатар, университет ҚБТУ-мен бірлесіп «Биоинформатика» магистратура бағдарламасын жүзеге асырды. Қосдиплом Санкт-Петербург химия-фармацевтика университетімен және UA SUNY университетімен (АҚШ) бірлесіп беріледі.
Жешув Ақпараттық Технологиялар және Менеджмент университетімен, Орталық Азиядағы ауруларды бақылау және алдын алу орталығымен, Оңтүстік Кореядағы Kyungpook университетімен, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ және ҚБТУ-мен бірлескен білім беру бағдарламалары бар. Сондай-ақ, «Денсаулық сақтау технологияларын бағалау» бағдарламасы ашылды және ҚазҰМУ-дың стратегиялық серіктесі – Литва денсаулық ғылымдары университетімен академиялық ұтқырлық бойынша жұмыс жүргізілуде.
Симуляциялық орталық
Биылғы жылы біз университеттің симуляциялық орталығын толықтай жаңарттық, соңғы техника бойынша жабдықтадық. Орталықтың аумағы бір жарым есе 3 500 шаршы метрге дейін ұлғайтылды. Студенттер жоғары технологиялық интерактивті техникада оқиды. Мұндай симуляциялық орталықтың аналогы елімізде жоқ», – деді Талғат Нұрғожин.
100% түлектерді жұмысқа орналастыру
Әрине, дәрігерлер әрқашан қажетті мамандардың бірі болған және болып қала береді. ҚазҰМУ түлектерін жұмысқа орналастыру деңгейі осы жылы 100% көрсеткішке жетті, ал бұрын ол тек 95% деңгейінде болатын (2017 жылы). Барлық мамандар еліміздің өңірлері мен облыстары бойынша біркелкі бөлінеді.
ҚазҰМУ студенттері COVID-19 пандемиясы кезінде үлкен батылдылық танытты
2020 жылдың наурыз айынан бастап 470-тен астам университетіміздің интерндері мен резиденттері Алматы қаласының карантиндік объектілерінде, провизорлық стационарларында және инфекциялық клиникаларында волонтер ретінде жұмылдырылды. Волонтерлер 30 000-нан астам отбасына және медицина қызметкерлеріне азық-түлік жеткізіп, әлеуметтік көмек көрсетті.
№ 8 жатақхана базасында шетелден келген Қазақстан Республикасының азаматтары үшін карантиндік объект орналастырылды. Наурыз-маусым аралығында халықаралық рейстердің 3500-ден астам жолаушысына қызмет көрсетілді. 2020 жылғы наурыздан маусымға дейін Ішкі аурулар Орталығы провизорлық клиникаға қайта бейімделген болатын, онда 70 төсек-орын орналастырылды және 110 пациент емделіп шықты. Сонымен қатар, 25 медициналық волонтер Алматы қаласы әкімдігі жанындағы жедел еріктілер штабында жұмысын жалғастырып жатыр. Осы уақыт ішінде студенттердің күшімен 30000-нан астам көп балалы және аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттері жеткізіліп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде көмек көрсетілді. Дәрігерлер 300-ден астам қала клиникаларында болды, олардың жартысынан көбі модульдік жұқпалы аурулар ауруханаларында жұмыс істеді.
ҚазҰМУ тарапынан 150 мыңға жуық медициналық қызмет көрсетілді
2019-2020 оқу жылында ҚазҰМУ оқытушы- профессорлық құрамының күшімен 149 175 медициналық қызмет көрсетілді. 2019-2020 оқу жылында университет оқытушылары 4 университеттік клиникада, Алматы қаласының және университеттің клиникалық базасы болып табылатын өңірлердің 106 Денсаулық сақтау ұйымдарында: 49 емханада, 53 стационарда, 4 перзентханада студенттерге практикалық оқыту жүргізді.
Оқытушы-профессорық құрам 2019-2020 оқу жылында 42 клиникалық кафедрадан 596 маманнан құралды. Клиникалық кафедралардың меңгерушілері, профессорлары, доценттері, ассистенттері бөлімдердегі ауыр науқастарға жетекшілік етті (25 мыңнан астам), рецензент ретінде қатысты (2 336), стационарларда 8 мыңнан астам жоспарлы аралауды өткізді, күрделі науқастардың консилиумдарына қатысты (6835), 4500-ден астам операция жүргізді, 1535 клиникалық талдауға қатысты, 56 мыңнан астам пациентке кеңес берді.
Сондай-ақ университет оқытушылары Алматы қаласы бойынша 4020 және Алматы облысы бойынша 338 тәуелсіз медициналық сараптама өткізді, 108 сот-медициналық сараптамаға қатысты. Санитариялық авиация бойынша 27 күндізгі, телемедицина нысанында 15 консультация берілді. COVID-19 пандемиясымен күрес кезеңінде оқытушы-профессорық құрам Алматы қаласында ұйымдастырылған инфекциялық және провизорлық центтердің жұмысына белсенді қатысты.
ҚазҰМУ-дың 2021 жылға арналған жоспарлары қандай
Мәйітхананың қазіргі заманғы жаңа симуляциялық бөлімшесін, республикалық сүйек мұражайы мен анатомиялық заттар мұражайын құру жоспарлануда. Сондай-ақ, университет қызметкерлерінің балалары үшін 200 төсек-орынға арналған «Айболит» балалар лагері салынады. Бұдан басқа, университет Тараз және Орал қалаларындағы медициналық колледждерді, сондай-ақ Алматы және Тараз қалаларындағы қалалық медициналық ұйымдарды сенімгерлік басқаруға алады.
«Ақсай» клиникасында жақ сүйегінің микротия және микрогениясы кезінде жақ-бет аймағында сүйек ортогнотикалық реконструктивті операцияларды, балалардағы қолдың кемістігі кезінде микрохирургиялық операцияларды, сондай-ақ сыртқы құлақтың реконструктивті-қалпына келтіру операцияларын енгізу жоспарлануда. ҚазҰМУ студенттері оқу кезінде оқытушыларды таңдай алады, осылайша университет қызметкерлердің қажеттілігін бағалайтын болады.