ҚазҰМУ студенттері COVID-19 пандемиясы кезінде үлкен батылдылық танытты
ҚазҰМУ ректоры Талғат Нұрғожин халықпен есеп беру кездесуінде ҚазҰМУ студенттері мен қызметкерлерін коронавирус пандемиясы кезіндегі атқарған ауқымды жұмысына алғысын білдірді.
2020 жылдың наурыз айынан бастап 470-тен астам университетіміздің интерндері мен резиденттері Алматы қаласының карантиндік объектілерінде, провизорлық стационарларында және инфекциялық клиникаларында волонтер ретінде жұмылдырылды. Волонтерлер 30 000-нан астам отбасына және медицина қызметкерлеріне азық-түлік жеткізіп, әлеуметтік көмек көрсетті. Медициналық волонтерлер ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған болатын.
№ 8 жатақхана базасында шетелден келген Қазақстан Республикасының азаматтары үшін карантиндік объект орналастырылды. Наурыз-маусым аралығында халықаралық рейстердің 3500-ден астам жолаушысына қызмет көрсетілді. 2020 жылғы наурыздан маусымға дейін Ішкі аурулар Орталығы провизорлық клиникаға қайта бейімделген болатын, онда 70 төсек-орын орналастырылды және 110 пациент емделіп шықты. Сонымен қатар, 25 медициналық волонтер Алматы қаласы әкімдігі жанындағы жедел еріктілер штабында жұмысын жалғастырып жатыр. Осы уақыт ішінде студенттердің күшімен 30000-нан астам көп балалы және аз қамтылған отбасыларға азық-түлік себеттері жеткізіліп, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде көмек көрсетілді.
«Мен клиникалық кафедраларда жұмыс істейтін оқытушы- профессорлық құрамға алғыс айтқым келеді. Олар өз міндеттерін толығымен орындады. Дәрігерлер 300-ден астам қала клиникаларында болды, олардың жартысынан көбі модульдік жұқпалы аурулар ауруханаларында жұмыс істеді. ІІМ ауруханасының бас дәрігерінен COVID кезінде қызмет атқаруға біздің интерндерді, резиденттерді беру туралы өтініш алған болатынмын.
Мен балаларыма қажырлы еңбегі үшін үлкен рахмет айтқым келеді. Әкімдік, емханалардың бас дәрігерлері бізден көмек сұрағанда, қол ұшын берген студенттеріме дән ризамын. Бұл бізге келіп түсетін балалар өздерінің болашақ мамандықтарына жауапкершілік танытып, адамдарға мейірімділікпен қарайтындығының тағы бір көрсеткіші. Студенттеріміз үлкен іс атқарды», – деді Нұрғожин