ҚазҰМУ Тәуелсіздік күнін атап өтіп, жыл қорытындысын жасады
ҚазҰМУ-да Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған «Тәуелсіздік – ел бақыты!» атты салтанатты іс-шара өтті. Жиын ел тәуелсіздігінің мәнін пайымдаумен қатар, университеттің бір жылдық нақты нәтижелерін саралауға арналды.
Академик Т. Шарманов атындағы Даңқ залында өткен іс-шараға профессор-оқытушылар құрамы, университет қызметкерлері мен студенттер қатысты. Салтанатты жиында білім беру, ғылым және клиникалық қызмет саласында көзге түскен қызметкерлер марапатталып, студенттер дайындаған әдеби-музыкалық композиция ұсынылды.
Іс-шара барысында тарих ғылымдарының кандидаты Даулет Әбенов Тәуелсіздік күнінің тарихи алғышарттарына тоқталып, бұл күннің ұлттық сана мен мемлекеттілік қалыптасуындағы маңызын атап өтті.
Салтанатты бөлімде ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов сөз сөйлеп, Тәуелсіздіктің ел үшін ғана емес, жоғары білім мен медицина саласы үшін де стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті. Ректор университеттің бүгінгі дамуы тәуелсіз ел жағдайында қалыптасқан академиялық еркіндік пен жауапкершілікке тікелей байланысты екенін айтты.
Жыл қорытындысына тоқталған ректор соңғы жылдары атқарылған нақты жұмыстарды атап өтті. Университет инфрақұрылымы жаңғыртылып, оқу корпустары мен жатақханалар кезең-кезеңімен модернизацияланды, клиникалық және ғылыми база нығайды. ҚазҰМУ студентке бағытталған білім беру моделін жүйелі түрде енгізіп келеді.
Халықаралық деңгейде де университет өз позициясын күшейтті. ҚазҰМУ – QS рейтингінде ұсынылған Қазақстандағы жалғыз медициналық жоғары оқу орны және алғаш рет «Медицина» бағыты бойынша пәндік рейтингке енді. Сонымен қатар университет QS World University Rankings: Sustainability рейтингінде көрсетіліп, тұрақты даму, әлеуметтік жауапкершілік және басқару сапасы бағытындағы жұмысын растады.
Ғылыми қызмет нәтижелері де жоғары бағаланды. National H-index Ranking деректеріне сәйкес, ҚазҰМУ Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары арасында 4-орынды, ал медициналық университеттер ішінде 1-орынды иеленді. Бұл университет ғалымдарының зерттеулері халықаралық ғылыми кеңістікте сұранысқа ие екенін көрсетеді.
2025 жылы университеттің клиникалық қызметі айтарлықтай артты. Биыл профессор-оқытушылар құрамы мен университет клиникалары 169 мыңнан астам клиникалық қызмет көрсетті. Бұл көрсеткіш білім мен практиканың нақты нәтижеге жұмыс істеп отырғанының айғағы.
Студенттер мен оқытушылардың жетістіктері де ерекше аталып өтті. 2025 жылы ҚазҰМУ студенттері республикалық және халықаралық олимпиадаларда жүлделі орындарға ие болды. Сонымен қатар университеттің дене тәрбиесі кафедрасының студенттері мен оқытушылары әлемдік және ұлттық деңгейдегі спорттық жарыстарда жеңіске жетті.
«Біз көрсеткіштер мен рейтингтерді атай аламыз. Бірақ университеттің негізгі тірегі – күн сайын адам өмірі үшін жауапкершілік алатын сіздер. Түлектердің 99 пайызға жуық жұмысқа орналасуы – денсаулық сақтау жүйесінің ҚазҰМУ мектебіне деген үлкен сенімі», — деді ректор Марат Шоранов.






























































