ҚазҰМУ-ға 642 резидент қабылданды
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде жаңа оқу жылын 642 резидент бастады. Олар клиникалық мамандықтар бойынша білімін жалғастырады. Биыл резидентураға барлығы 46 мамандық бойынша қабылдау жүргізілді.
Алғашқы кездесуде жас мамандарға құттықтау сөз сөйлеп, жылы лебізін білдіргендер қатарында университеттің академиялық жұмыстар жөніндегі проректоры Жанна Калматаева, ҚР Денсаулық сақтау министрінің кеңесшісі Алмат Турысбекұлы, факультет деканы Абылай Баймаханов, профессор Жанат Испаева және клиникалық жұмыстар департаментінің жетекшісі Еркен Даутбаев болды. Олар резиденттерді алдағы уақытта оқитын кафедраларымен таныстырып, сұрақтарына жауап берді.
Қабылданғандардың ішінде 399 резидент мемлекеттік грант бойынша, 145 резидент жергілікті атқарушы органдардың гранты есебінен, ал 98 резидент келісімшарт негізінде оқиды.
Жалпы, 2025 жылы Қазақстан бойынша резидентураға 2 500 грант бөлінген. Бұл гранттар өңірлердің қажеттілігі мен сұранысына қарай үлестірілді. Мұның арқасында болашақ дәрігерлер өз мамандықтарын ең қажет жерлерде меңгеріп, халық денсаулығына қызмет ететін болады.