ҚазҰМУ GCCHE халықаралық консорциумының мүшесі атанды
2025 жылдың наурыз айында С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (ҚазҰМУ) климат және денсаулық бойынша білім беру жөніндегі Ғаламдық Консорциумның (GCCHE – Global Consortium on Climate and Health Education) толыққанды мүшесі ретінде тіркелді. Бұл – университеттің халықаралық аренадағы беделін арттырып, климат пен денсаулық саласындағы білім беру сапасының жоғары деңгейін дәлелдейтін маңызды қадам.
Аталған істі ҚазҰМУ-дың денсаулық саясаты және менеджменті кафедрасы ұйымдастырды. Кафедра бұл бастаманың алғы шебінде болып, университеттің жаһандық денсаулық сақтау және тұрақты даму салаларындағы белсенді ұстанымын көрсетті.
Консорциум құрамына әлемнің жетекші медициналық және қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы жоғары оқу орындары кіреді. ҚазҰМУ – Орталық Азия аймағынан аталмыш консорциум тізімінде танылған білім ордасы ретінде ерекшеленіп отыр. Columbia University (АҚШ) бастамасымен құрылған GCCHE желісі климаттың өзгеруінің адам денсаулығына әсері бойынша білім мен зерттеулерді дамытуға бағытталған.
ҚазҰМУ-дың консорциумға мүше болуы – университеттің тұрақты даму, жаһандық денсаулық сақтау және климаттық білім беру салаларында белсенді қызмет атқарып жатқанын көрсетеді.