ҚазҰМУ QS Stars халықаралық рейтингінде 4 жұлдызға ие болды
12.06.2025 | просмотров: 172
С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті QS Stars беделді халықаралық рейтингтік жүйесінде жоғары баға алып, 4 жұлдыз иегері атанды!
Бұл — ҚазҰМУ-дың Орталық Азиядағы медициналық білім беру көшбасшысы ретіндегі мәртебесін тағы бір мәрте айқындаған зор жетістік.
QS Stars — университеттердің сапасын жан-жақты бағалайтын халықаралық жүйе. Оқу орнының білім беру деңгейі, медицина саласындағы жетістіктері, жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, инновациялары, жаһандық серіктестіктері мен инклюзивтілік көрсеткіштері сынды көптеген бағыттарды қамтиды.
Халықаралық Quacquarelli Symonds (QS) агенттігі жүргізген терең сараптама нәтижесінде ҚазҰМУ келесі көрсеткіштер бойынша жоғары ұпай жинады:
-
Оқыту сапасы – 5 жұлдыз
-
Медицина – 4 жұлдыз
-
Түлектерді жұмыспен қамту – 5 жұлдыз
-
Инновациялар – 5 жұлдыз
-
Жаһандық өзара байланыс – 5 жұлдыз
-
Инклюзивтілік – 4 жұлдыз
-
Академиялық даму – 3 жұлдыз
-
Инфрақұрылым – 4 жұлдыз
Бұл нәтиже ҚазҰМУ-дың сапалы медициналық білім берудегі жаңа белестерді бағындырып, халықаралық стандарттарға сай дамып келе жатқанын көрсетеді. Университет заманауи технологияларды енгізу, ғылым мен білімнің ұштасуын қамтамасыз ету және халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейту жолында қарқынды еңбек етуде.
QS Stars — бұл жай ғана рейтинг емес. Бұл – талапкерлер мен олардың ата-аналарына, жұмыс берушілер мен халықаралық серіктестерге берілетін сенімнің нышаны. Бұл – ҚазҰМУ-да сапалы білім, заманауи ғылым, озық технологиялар мен әлемдік деңгейдегі көзқарас бар деген сөз.
Университет алдағы уақытта да білім беру мен ғылыми бастамаларын дамытып, әлемдік академиялық кеңістіктегі орнын нықтай бермек.