Өткен аптада Алматыда 1930 жылы қабырғасы қаланған қарашаңырақ, еліміздегі медициналық жоғары білім мен ғылымының көшбасшысы – Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университеті 85 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өтті. Осы уақыт аралығында білім ордасы 70 мыңға жуық маман дайындаған. Яғни, бүгінде еліміздегі әрбір 3-ші дәрігер – аталмыш университет түлегі. 17 елден мыңға жуық шетелдік студенттер оқиды. Мерейтойға бағытталған шараға еліміздегі барлық медициналық жоғары оқу орындарының ректорлары, шетелдік әріптестер, әр жылғы түлеп ұшқан шәкірттер, құрметті қонақтар, сондай-ақ Дүниежүзілік медициналық білім беру федерациясының президенті Дэвид Гордон мырза да келген.
Өткен тарихқа көз салсақ, 1930 жылы 2 желтоқсанда Қазақстанда тұңғыш рет Қазақ мемлекеттік медицина институты ашылып, оның директорлығына Петербург әскери-медициналық академиясының түлегі, көрнекті партия және мемлекет қайраткері, дарынды ұйымдастырушы, білікті ғалым-дәрігер, профессор Санжар Асфендияров тағайындалады. 1936 жылы ең алғашқы 66 түлек бітіріп, оның 12-сі үздік диплом иеленеді. Соғыстың алғашқы күндері 84 оқытушы, өз еркімен 262 студент майданға аттанса, олардың арасында Кеңес Одағының батырлары М.Мәметова мен В.Иванилов бар еді. Бүгінде университет мамандары 15 шет мемлекетте жұмыс істейді. Денсаулық сақтау саласын дамытуда 1981 жылы Еңбек Қызыл ту орденімен марапатталса, 2001 жылы Ұлттық университет мәртебесіне ие болды.
Міне, осы уақыт аралығында университет ұзақ жол жүріп, айтулы нәтижелерге қол жеткізіп, үлкен асулардан асып келеді. Аталмыш оқу орнын жылына 8 мамандық бойынша 2 мыңға жуық түлек бітіреді. Интерн мен резидент дәрежесін алатындары да жетерлік. 106 кафедрада 1700-ге таяу ұстаз дәріс берсе, оның 10 пайызы – шетелден арнайы шақыртылған профессорлар құрамы. Университетте 6 академик, 167 медицина ғылымдарының докторы, 454 кандидат бар. 9 мұғалім «Қазақстанның үздігі» атанған. Ең бастысы – білім ордасының базалық сапы мықты. Меншігінде 3 клиника, 11 емдеу орталығы және 6 институт бар.
– Мұндай мерейтойлар бұған дейін атқарылған жұмыстарды қорытындылап, есеп беруге және болашаққа жоспар құруға мүмкіндік береді, – деді ҚазҰМУ ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айқан Ақанов. – Бүгін біз сол есебімізді беріп отырмыз. 70 мыңдай түлектеріміз Қазақстанның түкпір-түкпірінде халыққа медициналық қызмет көрсетуде. Сондай-ақ, АҚШ-тан Жапонияға дейін 15 елде жұмыс істеп жүрген мамандарымызбен де мақтана аламыз. Мәселен, университеттің 1988 жылғы түлегі Дамира Ниязалиева Қырғызстан премьер-министрінің орынбасары. Екінші дәрігеріміз Сәуле Тұрысбекова Қазақстаннан ғарышқа ұшқан Айдын Айымбетовтің жеке дәрігері болды. Бұрын мұның бәрін Ресей жасайтын болса, бұл жолы өз дәрігеріміз дайындап, қарсы алып, сауықтырудан өткізді. Бұл да біздің оқу орнының жетістігі.
Сондай-ақ, ректор жылда өткізілетін түлектер жәрмеңкесіне еліміздегі бас дәрігерлер мен медицина ұйымдарының басшылары келіп, түлектерді жұмысқа шақыратын, былтырғы нәтиже бойынша түлектердің 92 пайызы жұмыспен қамтылған. Тағы бір айта кетерлігі, 2 мыңдай оқытушының 200-і сабақты ағылшын тілінде жүргізеді. Яғни, отыз пайыз 1 курстың студенті ағылшын тілінде дәріс алады.
Жиында Алматы қаласы әкімінің құттықтауын жеткізген қала әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев 85 жылдық белесті бағындырып отырған оқу орнының медицина саласында бәсекелестікке қабілетті, 2050 жылға 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосылуға жағдай жасайтын нағыз білікті мамандар даярлайтынына сенімді екенін жеткізсе, 1994 жылы осы университетті бітірген түлегі Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Ержан Біртанов.
Алдымен шәкірт ретінде ұстаздарына алғысын білдіріп, мерейтойға қатысушыларды өз атынан құттықтады.
–Бүгінде университет елімізде жетекші медициналық жоғары оқу орындарының бірі. Бұл оқу орны әлемнің 43 елінде 100-ден астам ғылыми орталықтар мен оқу мекемелерімен тығыз байланыс орнатқан. Мемлекеттің әл-ауқаты жақсарып, қоғам жаңарған сайын денсаулыққа қатысты әлеуметтік күтім де арта түседі. Қазіргі таңда елімізде 2016-2019 жылдарға арналған жаңа «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы әзірленген. Бұл маңызды құжаттың стратегиялық бағыттарының бірі – медициналық білім мен ғылымды одан әрі жаңғырту. Бұл университет, ірі жоғары оқу орындарының бірі ретінде осы бағдарламаның дамуына өз үлесін қосуы тиіс. Бұл үшін оның материалдық-техникалық базасы, профессор-оқытушылық құрамы, тәжірибесі, кең көлемді халықаралық серіктестігі жеткілікті. Денсаулық сақтау жүйесін әрі қарай дамыту бойынша бірлесе атқарылып жатқан жұмыстардың кадрларды даярлаудың жаңа стандарттарын енгізуге және медициналық көмек көрсету деңгейін аттыруға мүмкіндік бермек, – деді вице-министр.
Басқосу барысында оқу орнының жетістіктеріне еңбек сіңірген медицина саласының майталмандары марапатталып, үздік студенттерге арнайы сый-сияпаттар жасалды. Солардың арасында Алматыдағы жол-көлік оқиғасы кезінде жүріп бара жатқан трамвайды тоқтатып, 40 адамның өмірін ерлікпен құтқарып қалған 4-курс студенті ауғандық жігіт Башарат Хан Юсофи университеттің беделін арттыруда қосқан үлесі үшін «Университет мақтанышы» атағына ие болды.
Университет тойы мұнымен бітпеді. Бір жетіге жоспарланған шара аясында түрлі конференциялар мен шеберлік дәрістері өткізілмек.
Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.