Қалыпты физиология және биофизика курсы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Нұрахова Алма Дандыбайқызы өмірден өтті

Алма Дандыбайқызының өз кәсібіне деген адалдығы шексіз еді. Ол 1991 жылы Алматы мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетін үздік бітірді. Осы институтта аспирантураны аяқтап, кандидаттық диссертациясын сәтті қорғағаннан кейін, ғылыми-педагогикалық қызметін биохимия кафедрасында бастады. 2020 жылдан бастап биофизика курсы бар қалыпты физиология кафедрасында еңбек етті.
Ғылыми-педагогикалық тәжірибесі мол бола тұра, Алма Дандыбайқызы ешқашан қол жеткен жетістікпен шектелмеді. Ол үнемі медицинадағы жаңа, заманауи ғылыми бағыттарын біліп-тануға, меңгеруге талпынатын. Соның нәтижесінде Финляндияның JAMK Қолданбалы ғылымдар университетінің магистр дәрежесіне ие болды.
Ғылыми білімдарлығы терең, зерттеушілік қабілеті жаңашыл болғандықтан, соңғы сәттеріне дейін ғылыми жоспарлар құрып, ғылыми жобаларды талқылап, сондай-ақ Жалпы медицина мектебінің (Life Sciences) биофизика курсы бар қалыпты физиология кафедрасы мен биомедициналық зерттеулер инновациялық зертханасының даму келешегін айқындаумен айналысты.
Алма Дандыбайқызы – ең үздік ұстаздардың бірі еді. Бар білімін, мол тәжірибесін, жеке уақыты мен және күш-жігерін шәкірттеріне арнады. Әріптестері оны ерекше құрметтейтін, бағалайтын және жақсы көретін еді, себебі ол әрдайым әріптестік ізеттілік танытып, қажет кезде қолдау көрсете білетін.
С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің ұжымы, биофизика курсы бар қалыпты физиология кафедрасының ұжымы марқұмның туған-туыстарына, жақындары мен достарына қайғыра көңіл айтады.
Біздің жадымызда ол әрқашан жарқын бейнесімен, мейірімділігімен, сезімталдығымен, адамгершілігімен және тамаша тұлға ретінде сақталады.