Қарашаңырақ ҚазҰМУ мерейтойын дүркіретіп тойлауда
Осыдан тура 85 жыл бұрын қарашаңырақ – Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің қабырғасы қаланған еді. Осы уақыт аралығында білім ордасынан 75 мыңға жуық түлек шығыпты. Есепке қарағанда, бүгінде елдегі әрбір 3-ші дәрігер – аталмыш университеттің маманы. Әрине, қатарында әлемді мойындатқан үздік дәрігерлер де жетерлік. Бүгінде онда 11 мыңнан астам студент оқып жатыр.
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина универсиетінің құрылғанына – 85 жыл. Сондықтан мұнда үлкен басқосу, үлкен той. Университетті құттықтай келген құтты қонақтарда есеп жоқ. Алматы қаласының басшылары да осында.
«Құтты болсын, университеті өзінің алдыңғы қатардағы дәрежесінен ешқашан айрылмасын. Халықаралық қарым-қатынастар тығыз бола берсін. Жалпы біздің медицина саласында бәсекелестікке қабілетті, нағыз 2050 жылғы 30 дамыған мемлекеттік қатарына қосылуға жағдай жасалған»,- деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев.
Қарашаңырақтан түлеп ұшқан шәкірттер де келді. 1930 жылдан бері университет 70 мыңнан астам білікті дәрігерді дайындап шығарған. Әрине, қатарында әлемді мойындатқан мықтылар да бар. Оларды университет басшылығы мақтанышпен айтады.
«Бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпірінде істеп жүргендер біздің түлектеріміз. 15 елде жұмыс істеп жүр. АҚШ-тан бастап, Жапонияға дейін біздің түлектер жүр. Мысалы, Ниязалива деген біздің түлегіміз Қырғызстан министрі болып жұмыс істеп жүр. Екінші біреуі космонавтың жеке дәрігері болып жүр. Қазақтың тарихында тұңғыш рет»,- деді С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ ректоры Айқан АҚАНОВ.
Есепке жүгінсек, еліміздегі әрбір 3-ші дәрігер – осы білім ордасынан түлеп шыққан маман. Мұнда жылына 8 мамандық бойынша 2 мыңға жуық шәкіртке диплом беріледі. Интерн мен резидент дәрежесін алатындары да жетерлік. 106 кафедрада 1700-ге таяу ұстаз дәріс берсе, оның 10 пайызы – шетелден арнайы шақыртылған профессорлар құрамы. Университетте 6 академик, 167 медицина ғылымының докторы, 454 кандидат бар. 9 мұғалім «Қазақстанның үздігі» атаныпты. Ең бастысы – білім ордасының базалық сапы мықты. Меншігінде 3 клиника, 11 емдеу орталығы және 6 институт бар.
«Әрине, өздеріңіз білесіздер, Ұлттық медицина университеті елімізде ерекше. Тұңғыш деп айтуға болады. Бұл университетте белді қызметкерлер, саяси-ғылыми қызметкерлер оқып бітірген. Ұстаздар, әріптестер бәрі қатысып отыр. Университет әледегі ең белді деген ғылыми орталықтармен бірлесіп жұмыс істеп жатыр»,- деді ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Ержан БІРТАНОВ.
Басқосу барысында үздіктер де ескеріліп, арнайы сый-сияпатқа кенеліп жатты. Университет тойы мұнымен бітпейді. Бір жетіге жоспарланған шара аясында түрлі конферециялар мен мастер-кластар өткізілмек.
Құралай Пионер, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы