Қасиетті домбыра
Домбыра қазақ халқының мыңдаған жылдардан бері қолданып келе жатқан әуен аспаптарының ішіндегі әулиесі және бірегейі болып саналады. Сондықтан да ақиық ақынымыз Қадыр Мырза Әли домбыра туралы мынадай өлең шумақтарын жазған болатын:
Екі ішектің бірін қатты, бірін сәл-пәл кем бұра.
Нағыз қазақ – қазақ емес.
Нағыз қазақ –Домбыра!,- деген болатын.
Себебі домбыраның әуенінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев әр жолы еске салатындай, ғасырлар бойы Ұлы, кең байтақ даламызда өмір сүріп келе жатқан, әлі де ғасырлар бойы өмір сүре беретін қазақ халқының қуанышын, зарын білдірген емес пе! Әрбірден соң, домбыра адам тілімен жеткізе алмайтын сырларды осы домбыраның қос ішегі арқылы жеткізіліп келе жатқан жоқ па! Оған дәлел келтіретін болсақ көптеген аңыздардың бірі болып саналатын «Ақсақ құлан» күйінің шығу тарихын айта кетуге болады.
Ерте заманда Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласы аң аулауға құмар болған көрінеді. Бір жолы құлан аулауға барып, құландардың аналықтарына, олардың жаңадан аяқтанып келе жатқан қодықтарына да қарамай аяусыздықпен өлтіре берген екен. Сол кезде аяғынан жараланған, «әкелік инстинкт» оянған өжет, әрі күшті құландардың айғыры кенет жалт бұрылып, аңшыны аяғымен бір тепкенде, соққыңың күштілігі соншалықты Шыңғыс ханның баласы атынан құлап түсіп, сол мезетте мерт болады. Ханның баласының кенеттен қайтыс болғанын қаһарлы ханнан сескеніп ешкім барып хабарлай алмайды. Сол кездегі, әрбірден соң осы кезге дейін қазақ халқының арасында сақталып келе жатқан ырым бойынша өлімді жәй ғана естірте салмаған.
Сондықтан, Шыңғыс ханға баласының кенеттен қайтыс болғанын сол уақыттағы Ұлы даланың Ұлы жыршысы, күйшісі, қарт абыз Кетбұға домбыраның екі ішегінің зарлы үні арқылы естірткен деген аңыз бар. Осы естіртуді Қадыр Мырза Әли былай деп жырлаған:
Білгің келсе біздің жайды, содан сұра тек қана:
Одан асқан жоқ шежіре, одан асқан жоқ дана.
Ақиқатты айтқандардың бәрі осылай сорласын,
Деп бір хаһан шанағына құйған оның қорғасын.
Көне көз қариялар айтады екен: «Халық деген – қазына, одан сұңқар да шығады, тұлпар да туады» деп соның дәлелі ретінде өнердің биігінен көрінген қазақ елінің аяулы перзенттерінің бірі Әміре Қашаубаев бүкіл дүниежүзіне қазақ халқының домбырасының мәнділігін, сәнділігін 1925 жылы Парижде өткен ЭКСПО Халықаралық көрмесінде шырқата «Балқадиша», «Бесқарагер», «Дударай», «Ағаш аяқ», «Жалғыз Арша», «Үш дос», «Қараторғай», «Қызыл бидай» әндерін шырқата
орындап француздарды таңдандырған болатын. Міне, содан бері қазақ халқының ән- күй саз аспаптарын, соның ішінде домбыраны қазіргі уақытта бүкіл дүниежүзінің халықтары біледі.
Осыған орай, көреген және білгір, қазақ халқының өсіп, өнуіне, «қазақ» деген ел бар екендігін бүкіл дүниежүзіне таныстыруға зор үлес қосып келе жатқан еліміздің бірінші Президенті, Ел басымыз Н.Ә. Назарбаевтың қоғамды ұлттық мәдениет пен бірегейлікті сақтау мен қайта жаңғырту идеясының төңірегінде одан әрі топтастыру мақсатында 2018 жылғы 12 маусым күні шілденің бірінші жексенбі күні Ұлттық домбыра күні болып айқындалсын деген қаулысының маңызы зор.
Осы қаулының іске асыру мақсатында еліміздің мектептерінің, педагогтар дайындайтын жоғарғы оқу орындарының оқу бағдарламасына домбыра үйрену туралы сағаттар қосылса екен тілегіміз бар. Сонымен бірге мектеп, жоғары оқу орындарында, соның ішінде біздің университетімізде де домбыра үйірмелері құрылып, оған домбыра үйренем деген жастарды көбірек қатыстырса Президентіміздің жарлығының орындала беруіне үлкен үлес болатыны айдан анық деп есептеуге болады.
Жазушы Қали Сәрсенбайдың домбыраның қасиеттері туралы жаза келіп, «әр қазақтың үйінің төрінде домбыра ілулі тұруы керек», – деген ұсынысы құптарлық ой деп түсінуге болады.
Сонымен, қорыта айтқанда қазақ халқының ғасырлар бойы елмен, жермен сіңісіп келе жатқан қасиетті домбырамызды әрі қарай бүкіл дүниежүзі халықтарына тансыстыра беруіміз қажет деген тұжырым жасауға болады.
С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ №2 хирургия кафедрасының доценті А.Қаныбеков