Қиын күнде қолын созып, бауырым, – деген қазағым
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде 2021 жылдың 1 Наурызында Алғыс айту күні аталынып өтті. Мерекелік іс-шара Жастар саясаты басқармасы, Жалпы медицина-1 мектебінің ұйымдастыруымен өткізіліп, университетіміздің барлық мектептер студенттерінің қатысуымен қолдауын тапты.
Көктемнің алғашқы күнімен бірге келетін Алғыс айту күні адам жанында мейірімділік пен ізгілік сезімнің үнемі қатар жүретіндігін еске салатындай.
Өткен күннің тарихын құрметтей отырып, бүгінгі күнмен сабақтастығын жалғастыру.
Еліміз 1991 жылы Тәуелсіздігін алған соң мемлекет алдында үлкен істердің бірі ол – ел бірлігін, тыныштығын сақтап қалу саясаты болды. Бүгінде тарих парағында жазулы, сонау 1995 жылдың 1 наурызында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылып, өз жұмыстарын бастап кеткен болатын. Тәуелсіз елімізбен бірге үзеңгілес келе жатыр. Бүгінде Ассамблея Елбасы Н.Ә.Назарбаев Төрағалық ететін конституциялық орган болып табылады. Өткен XX ғасырдың бірінші жартысында жүргізілген саясаттың жетегінде, қиын қыстау кезде Кеңес одағы елдерінен әртүрлі ұлт өкілдері отбасымен Қазақстанға жер аударылып келген болатын. Сол кеңес уақытындағы елдер сияқты бірнеше ауыр кезеңдерді басынан өткеріп жатқан қазақ халқының да өз тұрмысы сын көтермейтін. Ұлы октябрь революциясынан кейінгі қайта құру кезеңі колхоздастыру, коллективтендіру, ел зиялыларын қуғындау, екінші дүние жүзілік соғыстың басталуы, міне сол кезеңде елдердің арасында ұлттарды бір-біріне жер аудару саясаты жүргізілді. Сол кезде қазақ халқы жер аударылып келген әр ұлттың отбасыларын еш жатырқамай, ел арасына сіңісіп кетуіне қолынан келгенше аянбай көмек қолын созды.
Өткен күннің тарихын ұмытпау, біліп жүру мақсатында және Тәуелсіз еліміздің ынтымақ-бірлігін сақтап қалуда, 1 наурыз Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылған күнін Елбасы Н.Ә.Назарбаев Алғыс айту күні мерекесімен айқындаған болатын. Ел бірлігін сақтап қалу сол жылдардағы саясаттың басында тұрған күрделі мәселе болатын. Міне бүгін, сол сабдарлы саясаттың жемісін көріп, ынтымақта бірге өмір сүріп келеміз.
Оқу орнымызда 1 наурыз Алғыс айту күніне арналған мерекелік іс-шараға арнайы тіл мәселесін, ұлттық тәрбие жайында үнемі талмай айтып жүрген қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Осман Асылы Әлиқызы шақырылды.
Мереке басында университетіміздің Корпоративтік даму бойынша проректоры Датхаев Убайдилла Махамбетұлы алғы сөз айтып, қазақ тілінің, ұлт тәрбиесінің жанашыры болып жүрген Асылы Әлиқызының шақыруымызды қабыл алғанына әкімшілік атынан рахметін айтты.
Оқу орнымыздың Қазақстан тарихы және әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ассистенті Мәлік Ғалым Алаудинұлы Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылу тарихын айтып, маңыздылығына тоқталып өтті.
Мерекелік іс-шараның негізгі сөзін тарқатушы Асылы Әлиқызы өз сөзін әу дегенде тіл мәселесінен бастады. Асылы апайымыз өзінің қай сөз алуында болмасын тіл мәселесін бірінші айтады, тіл жоғалғанда халық та бірге жоғалады деп баса айтты. Өйткені тіл сол халықтың болмысы, рухани байлығы, айтар сөзі, салт-дәстүрі, ғұрпы, ата-бабасынан ұрпақтан-ұрпаққа беріліп келе жатқан асыл мұрасы. Тілді халықтан бөліп алып тастауға болмайды. Иә шынында да, тіл халықтың жаны, тіл жоғалғанда кеудеңде жаның қалар, бірақ сол жан, рух саналы болып қалады ма?- деген сұрақ туады.
Сондай-ақ, Асылы Әлиқызы қазақстанда өмір сүріп жатқан этникалық топтардың тілге жанашырлық танытып қолдау көрсететін кезі келгенін тілге тиек етті. Тәуелсіздік жылдарының басында Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып берді. Сол Ассамблея бүгін неге тілге жанашырлық танытып, неге қолдамасқа, үкіметке осы тіл мәселесін көтеріп, қолдау көрсетсе жақсылықтың қайтарымы емес пе,-деп өзінің көкейінде жүрген назын айтты. Иә, осы жерде Асылы апайымыздың сөзіне толықтай қосыламыз, бір кезде қазақ халқы қолын созып, бауырына басты, өзіне жетпей отырса да бір тілім нанды бөліп жеді, бүгінде тілге өгейлік танытпай қолын созатын да кез келді. Былай алып қарасаңыз осы елде өмір сүріп жатыр, тіл уйрену қиын ба екен, әрине қиын емес. Бүгінде бір елде бір ғана халық тұрып жатқан жоқ, әртүрлі ұлт өкілдері бар. Ол бүгін ғана болып жатқан жайт емес. Бұрнағы заманда да әр елде әртүрлі халықтар тұрған. Бірақ сол тұрғылықты халықтың тілімен сөйлеген, сол елде өмір сүріп жатқан соң тілін қабылдаған, солай бола тұрса да өз тілін, дінін, мәдениетін сақтай білген.
Ұлт жанашыры Асылы апайдың айтқаны, осы елдің де жердің де иесі қазақ, тілі де сол ұлтпен бірге, ол жалғыз бізге ғана тән емес, барлық елге тән нәрсе. Енді бұл жерде басқа ұлт өкілдерін біржақты кінәлауға болмайды, өз тілін білмейтін қазақтарда бар. Асылы апайдың да, күнделікті халық тарапынан айтылып жатқан сын-пікірлерде де тіл мәселесін тек қана үкімет тарапынан біржақты қолдау табу қажеттілігін, уақыты келгенін айтты. Тіл сонда ғана өз мінберінде мызғымастай болып бекиді. Ол да көптің көкейінде сайрап тұрған нәрсе, белгілі жайт. Бәріміздің де бірауыздан да айтарымыз осы. Тіліңді тану, өзіңді тану. Бұл мәселе де күні ұзамай орнына келетіні сөзсіз, басқаша болуы да мүмкін емес. Өз сөзінің жалғасында Асылы апай жастар мәселесіне де тоқталып өтті. Жастарға тәлімді, саналы тәрбие беру ол адамның ажырамас бөлігі, тәрбиелі болу қыз балаға да, ер балаға да бірдей тиесілі, әрнәрсе өз орнымен болуы керек екенін де баса айтып өтті. Көз көрген заттың барлығына еліктей бермей саналы талғаммен дұрысын таңдап, өз әдет ғұрпыңды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету. Тәрбиенің жетіспей жататын тұсының бірі кітап оқымау, білгенге талпынбау да болып табылады.
Өз тарапымнан ойды жалғай кетсем, бұлақтың көзі бітелсе, ол ақпайды, халқымыздың нақыл сөзінің бірі «Бұлақ көрсең көзін аш»,-дейді. Тәрбие де сол ағып жатқан бұлақ сияқты тоқтамай жүргізіліп отырылуы қажет. Айтылып отырмаса, тыйым болмаса ол да өз құндылығын жояды, барынан ажырап қалады.
Өйткені, бүгінгі ақпарат заманында тіптен де жайбасарлық танытуға болмайды. Ақпарат дегеніңіз түрлі әлеуметтік желіден, қажетті, қажетсіз түрлі пікірлерде ағылып, санаға түрлі ойлар салып мың құбылтуда. Жаңадан ержетіп келе жатқан ұрпақтың санасын бұзу, бұрыс арнаға қайрай итермелеп жіберуі орын алып жатқан жағдай. Бүгінде ақпарат майданы, әркімнің интернет желісінен не қарап жатқанын, не алып жатқанын байқай алмайсыз.
Саналы тәрбие беруде осы ақпарат легінен қалмау керек, тәрбие жұмысы ақпарат легінен көш ілгері жүруі керек. Көбінде біз оған мән беріп жатпаймыз. Уақыт өте келе дұрыс нәтиже алу кештеу болып кетеді. Енді осыдан отыз жылдың өзін шегеріп тастағанның өзінде біраз құндылықтар өзгеріске ұшырады, алдыңғысын айтпағанның өзінде. Сондықтан қазіргі ақпарат заманы күресінде өз құндылықтарымызға жете назар аудармасақ кеш қалу әбден мүмкін, бүгінннің өзінде біздер сәл кешігіп қалып жатырмыз. Ағып жатқан суды, өтіп жатқан уақытты кері қайтара алмайтын сияқты бәрі де өз уақытында жасалынып отырылуы қажет. Айтатын ой көп, бірақ бәрін бір сағаттың ішінде айтып өту мүмкін емес. Асылы апайымыз да тәрбие жөнінде көп нәрсені ортаға салғысы келді, бірақ оған уақыттың мөлшері кедергі.
Мерекелік іс-шараны Жастар саясаты басқармасының басшысы Е.А.Асқаров қорытындылай келе құрметті қонақ Асылы Әлиқызына университет әкімшілігі атынан мәнді де, мағыналы әңгімесі, ойлары үшін рахметін білдірді. Әлі де осындай тәрбиелік мәні бар басқосулардың алда болатынын да айтып өтті.
Сондай-ақ, іс-шара барысында осы елімізде өмір сүріп жатқан өзге ұлт өкілдерінің университетімізде білім алып жатқан студенттері өз ата-әжелерінен сонау қиын-қыстау кездегі естіген әңгімелерін айтып, қазақ танымал ақындарының өлеңдерін оқып, домбырамен ән де шырқалды. Барлығының да қазақшасы төгіліп тұр.
Осы мерекелік іс-шарадан түйген ойымызды қорыта кетсек барша қазақстандықтар қазақ тілі мәселесін бірге теңдей көтере алып шығып, нүктесін қоюуы керек. Қай халықты алмасаңыз да тіл сол халықтың құжаты, бар рухани дүниесі, тіл жоғалған кезде халықта жоғалып кететіні сөзсіз. Ол әркімге белгілі жағдай. Енді осы жерде қазақ елінде өмір сүріп жатқан этникалық топтар қолдау көрсетіп, адал жанашырлығын танытуы керек. Бүгінгі біздің жағдайда көп тілді білу қалыпты жағдайға айналып отыр.
Ол бір ғана қазақ халқына айтылатын жайт емес. Өз ана тіліңді жетік біле отыра, басқа тілдерді игеру. Өзіңнің кім екеніңді, тілің арқылы бар рухани мәдениетіңді танымай басқаны танимын деген бос қиял. Мәні де, мағынасы да жоқ бос нәрсе. Қай ұлтты жақынырақ танимын десеңіз де оның жалпы мәдениеті, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпын танудан бастайсыз, әрі қызықтырады.
Ол сонысымен ғана ерекше, ал адамдық асыл қасиет барша адамзаттың бәріне ортақ нәрсе. Бүгінде адамзаттың ортақтасуы дамуда, сол ортақтасуда әркім өз ерекшелігін, рухани құндылығын, өз таңбасын сақтай алса, жалпы адамзатқа ортақ асыл қасиеттерді сақтай алатыны сөзсіз.
Жастар саясаты басқармасының
бас маманы С.А.Апсаттарова