«Қоғамдық денсаулық сақтау институты» жеке меншік мекемесі Профессор Ақанов Айқан Ақанұлының 2026-2027 оқу жылына атаулы шәкіртақы конкурсын жариялайды!
«Профессор А.А.Ақанов атаулы шәкіртақысы туралы» ереже
Бұл Ереже «Қоғамдық денсаулық сақтау институты» ЖММ құрылтайшыларының 2018 жылдың 15 ақпанында өткен жалпы жиналысында бекітілді.
- Жалпы ереже
- Ақанов Айқан Ақанұлы – медицина ғылымдарының докторы, профессор, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ экс-ректоры (2008-2016 жж), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.
1.2. Құрылтайшылардың жалпы жиналысының шешімі бойынша жыл сайын конкурстық негізде С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінде (әрі қарай мәтін бойынша – ҚазҰМУ ) бакалавриат, интернатура, резидентура, магистратура, докторантурада білім алатын, үздік академиялық көрсеткіштерге, ғылыми-зерттеу және қоғамдық қызметтерде жетістіктерге ие Қазақстан Республикасының азаматына «Профессор А.А.Ақанов атаулы шәкіртақысы» (әрі қарай мәтін бойынша – «Шәкіртақы») тағайындалады.
1.3. «Шәкіртақы» оқу жылының 1 қыркүйегінде ай сайын 60 000 теңге көлемінде 10 айға тағайындалады.
1.4. «Шәкіртақы» конкурстық негізде университеттің барлық мамандықтарының бакалавриат, интернатура, резидентура, магистратура, докторантура (грант, келісім-шарт) білім алушысына (бітіруші курстан басқа) тағайындалады.
Ескерту: келісім-шарт бойынша ақылы негізде білім алушылар үшін шәкіртақы ҚазҰМУ алдында қаржылық берешегі жоқ болған жағдайда тағайындалады.
1.5. «Шәкіртақы» тағайындау критерийлері:
– бүкіл оқу кезеңіндегі рейтингтік үлгерім балының жоғары болуы;
– академиялық қарызының болмауы;
– тәжірбиелік, ғылыми-зерттеу жұмыстарға белсенді түрде қатысуы (үйірмелердегі жұмыс, жарияланған мақалаларының, тезистерінің болуы, медицина, қоғамдық денсаулық сақтау салаларындағы ғылыми, ғылыми-тәжірбиелік семинарларға, симпозиумдар мен конференцияларда баяндама жасауы);
– университеттің қоғамдық жұмыстарына белсене қатысуы.
1.6. Кандидаттар өтінім берген үміткерлер арасынан іріктеледі.
1.7. Үміткерлерге іріктеу жүргізуді Комиссия өткізеді. Комиссияның құрамын «Қоғамдық денсаулық сақтау институты» ЖММ бекітеді. Комиссия құрамына ҚазҰМУ басшылығының келісімі бойынша ҚазҰМУ білім алушылары, қызметкерлері мен оқытушы-профессорлар құрамының өкілдері кіре алады.
- «Шәкіртақыны» тағайындау тәртібі
2.1. Құжаттарды қабылдау мерзімі: 07.04.2026-04.05.2026ж.
(сағат 18:00-ге дейін).
2.2. Конкурсқа ұсынылатын құжаттар:
– білім алушының электронды жеке куәлігі;
– рейтингтік үлгерім балы көрсетілген транскрипт;
– конференциялар, семинарлардың бағдарламалары мен жарияланымдардың баспа-таңбасы және жарияланымдар тізбесі;
– түйіндеме немесе CV;
– халықаралық, республикалық, қалалық ғылыми конференцияларға, жазғы және қысқы мектептерге қатысқанын растайтын сертификаттар;
– қоғамдық іс-шараларға қатысқанын растайтын диплом, алғыс хат, сертификаттар;
– «Мен – болашақ дәрігермін» тақырыбында мемлекеттік немесе орыс тілінде көлемі 750 сөзден аспайтын мотивациялық хат. Бұл мотивациялық хат үміткер, оның жетістіктері мен дәрігер кәсібіне деген бейімділігі (алынған білім және тәжірбиелік дағдылар кәсіби маман болуға қандай сипатта көмектесе алады) туралы ақпаратты қамтуы тиіс;
– бухгалтериядан қаржылық берешектің жоқ екені туралы анықтама (келісім-шарт бойынша ақылы негізде білім алушылар үшін).
2.3. Құжаттар [email protected] электронды мекенжайы арқылы ұсынылады.
Байланыс деректері: +7 708 188 78 68 Солтанай Жәнібек
- Ерекше шарттар
3.1. Білім алушының университеттің ішкі тәртібін және оқу тәртібін бұзғаны жөнінде, үлгерімінің төмендеуі, академиялық берешегінің болуы, сабақтарға көп қатыспауы, сондай-ақ, шәкіртақы беруді тоқтату үшін негіз бола алатын басқа да жағдайлар (академиялық демалыс, басқа ЖОО-ға ауысу және т.б.) туралы ҚазҰМУ басшылығының ресми хаты негізінде «Қоғамдық денсаулық сақтау институты» ЖММ білім алушыны «Профессор А.А.Ақанов атаулы шәкіртақысы» иегері құқығынан айыруға құқылы.







