Қоғам және мемлекет қайраткері Халел Досмұхамедовтің 3-томдық еңбектер жинағы басылымының тұсаукесері
Университеттің Даңқ залында 2017 жылы 14 қараша күні «Алаш» қозғалысының 100-жылдығы және «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасы аясында қоғам және мемлекет қайраткері Халел Досмұхамедовтің 3-томдық еңбектер жинағы басылымының тұсаукесері өтті.
Тұсаукесерге арнайы шақырылған Х. Досмұхамедовтың туыстары, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған Қазақстан зиялыларының мұрасын зерттейтін қоғамдық «Арыс» қорының директоры, филология ғылымының докторы Ғарифолла Әнес, Х. Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің деканы, Жастар саясаты басқармасының қызметкерлері, оқытушылар мен студенттер қатысты.
Х. Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің деканы К. Давлетов қоғам қайраткерінің атын иеленіп отырған факультет туралы баяндады. Бұл іс-шараның модераторы ҚР еңбек сіңірген қызметкері Т.Измухамбетов Х. Досмұхамедовтың мамандығы дәрігер бола тұрса да, қоғам өмірінің сан салалы мәселелеріне араласқан көп қырлы дарын иесі болғандығын, яғни, саяси және қоғам қайраткері, тарихшы, табиғаттанушы, тілтанушы, әдебиетші, ауыз әдебиетінің сирек үлгілерін жинап, насихаттаушы, шебер аудармашы ретінде атқарған жұмыстарына қысқаша тоқталды. Ғарифолла Қабдолқайырұлы өзі басқарып отырған қоғамдық қор мен баспа жазықсыз жазаланып, ел жадынан өше бастаған біртуар қайраткерлердің, ақын-жазушылардың, өнер адамдарының мұрасын жинастырып, кітап етіп шығарып жатқан жұмыстары туралы мағлұматпен бөлісті. Қазақ зиялыларының 1911-1915 жылдары жазылып, «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінде жарияланған құнды жазбаларынан 100 томдық кітаптарды қайтадан баспадан дайындап шығарып жатқандығы, оның ішінде Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз, ғалым Х. Досмұхамедовтың «Тән саулығы», «Жан саулығы», «Жануарлар» кітаптары туралы сөз қозғады. Туыстары атынан Магруп Акимбеков сөз алып, Х. Досмұхамедовтың еңбектерін жинап, баспадан шығарған профессор Ғ. Әнеске ризашылықтарын білдірді.
Университет профессорлары Б. Хабижанов, А. Жаханов өткізіліп отырған жиынның маңыздылығын, ғалымның қалдырған мұрасының кейінгі ұрпақ үшін құндылығын, жазылуының ерекшелігін, тілінің жатықтығын, оқуға жеңіл екендігін айтып өтті.