«Қыз сыны және Жігіт сұлтаны-2017» Алматы қалалық байқауының жеңімпазы ҚазҰМУ студенті Рахмет Ермек атанды
Үстіміздегі 2017 жылдың 15 қараша күні «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Алматы қаласында «Жастар жылы» жобасын қолдау мақсатында Алматы қаласы жастар саясаты жөніндегі басқармасының қолдауымен «Q-Fest» жобасының аясында қалалық деңгейде «Қыз сыны және Жігіт сұлтаны-2017» байқауының Гранд-Финалы өтті. Байқау жобасының ұйымдастырушылары «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Керемет жастар ресурстық орталығы» қоғамдық ұйымы және ҚазҰУ Студенттер Сенаты» қоғамдық ұйымы болды. Байқау Алматы қаласы ЖОО-ы студенттерінің арасында алғашқы рет ұйымдастырылып отыр. Өнер сайысы қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері аясында өтті. Жалпы «Қыз сыны және Жігіт сұлтаны» байқауына 10 қыз және 10 ер жігіт қатысып өнерлері мен білгірліктерін ортаға салып, өзара бақ сынасты. Осы таласты тартысқа С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенттері атынан Жалпы медицина мектебінің 3 курс студенті Сиыкова Ақмарал және Дипломнан кейінгі білім беру деканатының 6 курс интернатура студенті Рахмет Ермек қатысты. Байқауға қатысушыларға дем беріп, қолдау көрсету үшін оқу орнымыздан 90-ға тарта студенттер барды. Университет атынан байқауға қатысқан екі студентіміз де бар өнерлерін ортаға салды. Байқау барысында қатысушылар өздерін таныстыру, қазақтың салт-дәстүрлеріне қатысты сұрақтарға жауап беру, өз өнерлерін ортаға салу, дефиле бойынша бақ сынасты. Байқауды көріп отырып-ақ кімнің оза шауып, жүлделі орындарға ие болатыны таныстыру сәтінен-ақ біліне бастады. Таныстыруда қатысушылардың сөз саптауы, батылдығы, өнерпаздығы көрініп айқын біліне бастайды. Одан әрі нағыз оза шабу додасы басталады. Біздер асыға күткен сәт те келіп, әділқазылар алқасы өнерпаздардың бағасын шығарып жеңімпазды анықтайтын кез келді. Көптен күткен әділқазылар алқасы да сахнаға шықты. Барлық қатысушыларға номинация бойынша дипломдар мен сыйлықтар табысталды. Одан әрі байқау жеңімпаздарын атап бітіп, енді Гран при иелерін атау сәтінде «Жігіт Сұлтаны» байқауының жеңімпазы Гран при иегері С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ студенті Рахмет Ермек, – дегенде төбеміз көкке жеткендей болды. Бұл біздің болашақ дәрігерлер даярлап жатқан білім ордасы үшін зор мақтаныш. Қала бойынша ЖОО арасында ҚазҰМУ студенті жеңімпаз атанды. Басқа университеттерден қатысқан қатысушылар да осал болған жоқ. Бірақ, біздің Рахмет Ермек бәрінен оза шапты. Жалпы Ермек өнерді бар жан-тәнімен жақсы көретін, 1 курсқа оқуға түскеннен бастап-ақ өз өнерімен, белсенділігімен, адамгершілігімен танымал болған жігіт. Университет аясында өтетін барлық мерекелік іс-шараларда ән салу, домбыра тарту, композиторлық өнерімен көзге түсіп, талай рет қуанышты сәттерге бөлеген болатын. Ермектің көп армандарының бірі, осы «Жігіт сұлтанына» қатысу болатын. Міне, ол арманы да орындалып жеңімпаз атанды. Байқау жеңімпаздарына ұйымдастырушылар мен демеушілер атынан Дубай қаласына жолдама табысталды. Біздер университет ұжымы мен студенттері атынан қалалық «Қыз сыны және Жігіт сұлтаны-2017» байқауының жеңімпазы Гран при иегеріне алатын асу белестері биік, жеңістері көп бола берсін,- дейміз. Ермекке тек қана сәттілік тілейміз.
Студенттермен жұмыс жөніндегі басқарма