Қымбатты достар, құрметті әріптестер, студенттер!
Наурыз мейрамы – жаңару мен жасампаздықтың бастауы, іргесі сөгілмес бірлік, ырыс-берекенің арқауы. Бұл күн – табиғаттың оянуы, жаңа жыл, жаңару мен жаңғырудың белгісі. Еліміздің тарихында Наурыз мейрамы Қазақстандықтардың ғасырлар бойғы бірлік-береке, жарасымды татулық, өзара құрмет пен мызғымас ынтымақ сынды құндылықтарын дәріптейтін көпұлтты халықтың басты мерекелерінің бірі болып табылады.
Бүкіл еліміз бүгіннен бастап өз дамуының жаңа кезеңіне бет бұруының мәні бар. Күні кеше өткен Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауы заң талаптарына сай келетін кез-келген адам сайлаушыларға өз кандидатурасын ұсына алатын жаңартылған форматта өтті. Біз сіздермен қазақстандықтардың дауысы үшін зор бәсекелестіктің куәсі болдық. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев бастаған еліміз саяси және экономикалық салалардағы қайта құрудың белсенді кезеңіне көшті.
Жаңарудың нышаны саналатын Наурыз мейрамы өткен жылды қорытындылауға бір себеп. Біздің университет мақтануға тұрарлық! Биыл Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің үлкен отбасы әлемнің 30 елінен келген 2267 студентпен толықты. Олар үшін бұл алғашқы зор жеңіс. 1000-нан астам мемлекеттік грант иегерлері біздің университет табалдырығын аттады, олардың үміті ақталады деген сенімдемін.
Біз елеулі өзгерістердің қарсаңында тұрмыз. ҚазҰМУ студенттерге бағдарланған әдісті қолға алды, ол алдымен жатақханаларды, аудиторияларды жаңарту, жақын арада жаңа кітапхананың ашылуы және ең алдымен қазіргі студенттер үшін пайдалы басқа да көптеген жаңалықтар. ҚазҰМУ цифрландыру және өмір сүру жайлылығын жақсарту бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Біз алдағы 3 жылға арналған университет стратегиясының жобасын қабылдадық, онда ЖОО дамуының негізгі векторлары көрсетілді.
Әрине, алдағы оң өзгерістердің ең жақсы белгісі – мемлекет пен университеттің қаржылық қолдауы болып табылады. Биыл студенттерге, резиденттерге және докторанттарға арналған шәкіртақы өсті. Ал ҚазҰМУ-да көп жылдардан бері алғаш рет университеттің барлық профессор-оқытушылар құрамы мен қызметкерлерінің еңбек ақысы ұлғайтылды!
С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ халықаралық аренада барған сайын таныла түсуде. Жақында ғана университет Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық бюросының отырысы өтетін орынға айналды. Көп ұзамай Астанада әлемнің 53 елінің Денсаулық сақтау министрлерінің отырысы өтеді, онда еліміз төрағалық етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік бюросының басшысы Ханс Клюге сияқты әлемдік ауқымдағы танымал тұлғалардың университетке келуі Санжар Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың абыройы мен беделін тағы бір мәрте растайды.
Университетіміздің ғылымдағы және медицина саласындағы жетістіктері де назар аударуға және мақтануға тұрарлық. Біздің емханаларда бүкіл ел үшін бірегей оталар мен емдеу процедуралары жүргізіледі. «Ақсай» балалар клиникасында Қазақстанда алғаш рет «көбелек-балаларға» ота жасалды, ал жақында біздің дәрігерлер ахондроплазияны (балалардағы ергежейлілікті) алғаш емдеуді жүргізе бастады.
Мұның бәрі Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті атқарып жатқан орасан зор жұмыстың бір бөлігі ғана. Алдымызда орасан зор жоспарлар мен биік мақсаттар бар, оларға біз ортақ күш-жігеріміздің арқасында қол жеткізбекпіз.
Осы киелі мерекеде Сіздерге мол бақыт, зор денсаулық, халқымызға амандық, құт-береке, елімізге жарқын жасампаздық пен ашық аспан тілеймін!
Ұлыстың ұлы күні құтты болсын! Ел іргесі аман, келешегіміз кемел болсын!
Құрметпен, ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов