Құмар ойынға тәуелді адамдар психикалық денсаулық орталықтарына есепке алынуы мүмкін
Психобелсенді заттарды бір рет пайдаланғаны анықталған және құмар ойындарға патологиялық тәуелділіктің даму қаупі бар тұрғындар психикалық денсаулық орталықтарының ақпараттық жүйесіне енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Алматыда «Ментальды денсаулық, психоәлеуметтік аспектілер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиынға 200-ге тарта шетелдік және еліміздің басқа өңірлерінің психикалық денсаулық орталығының кәсіби мамандары қатысты.
Қазақстан, Ресей, Қырғызстан және Тәжікстанның психиатрия, наркология саласының білікті мамандары психологиялық көмек көрсету және дерттің алдын алу, осы уақытқа дейін психикалық орталықтардың көмегіне жүгінуден қорқатын, намыстанатын көпшіліктің көзқарасын өзгерту, жаңа әдістерді енгізу төңірегінде түрлі тақырыптарды талқылады.