Құрметті әріптестер және студенттер!
Кеше С.Ж. Асфендияров ат. Қазақ Ұлттық медицина университетінің ұжымы орны толмас қазаға ұшырап, қара жамылды. Өмірінің 65-ші жылында медицина ғылымдарының докторы, профессор, 2008-2016жж. ҚазҰМУ ректоры Айқан Ақанұлы Ақанов жүрек талмасынан көз жұмды. Ол республиканың денсаулық сақтау саласының дамуына үлкен үлес қосқан тұлға, денсаулық сақтау саласының ең танымал мамандарының бірі, 8 жыл бойы еліміздің ең ірі медицина университетіне басшылық етіп келген нағыз патриот әрі көшбасшы еді. Сұм ажал онымен бірге қазақстандық медицина тарихының бүтін бір дәуірін алып кетті. Университетті өмірінің мәні деп білген адам еді. Айқан Ақанов ҚазҰМУ қалыптасуы және дамуы үшін көп тер төкті. 8 жыл бойы Айқан Ақанов Университеттің жағдайын ойлап, жоғын жоқтап жүрді. Ешқашан еңбектенуден танбаған жүрегі алтын, жаны таза, көңілі мөлдір жан еді.
ҚазҰМУ 12 мыңдық ұжымы ұстазынан, досынан, қызметтесінен айрылып, қайғы жұтып отыр және Айқан Ақановтың отбасы мен туған-туыстарына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтады.
Марқұмның жарқын бейнесі әріптестерінің, туыстарының, дос-жарандары мен білімімен сусындаған шәкірттерінің, қызметтес болғандардың жүрегінде сақталады.
Қош бол, ААА……
Марқұмның жаны жанаттан орын тауып, иманы жолдас болсын…..
Айқан Ақановпен қоштасу шарасы ертең, 1 маусым 2016 жылы сағ.9.30 «Конкордия» театрында басталады.