Ұлттық код дегеніміз — Ұлтымызға тән асыл қасиеттердің жиынтығы
Талғат НҰРҒОЖИН,
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медицина университетінің ректоры, медицина ғылымының докторы, профессор
С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық университеті — 87 жылдық тарихы бар, екі ғасырдың куәсі болып отырған жоғары оқу орны. Осы жылдар аралығында Қазақстанға ғана емес, дүйім дүниеге есімдері белгілі талай медицина саласының саңлақтарын даярлап шығарды. Бүгінгі күні бұл университет дүние жүзіндегі беделі биік медициналық оқу орындарымен, медициналық ғылыми-зерттеу институттары және орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірегейі. Университетте Қазақстан жастарымен қатар, әлемнің 17 мемлекетінен келген студенттердің де медициналық білім алуы университеттің әлемдік білім кеңістігіндегі деңгейінің биіктігін көрсетсе керек. Университет ректоры, медицина ғылымының докторы, профессор Талғат Сейітжанұлы НҰРҒОЖИНМЕН әңгіме аталмыш білім ордасының бүгінгі тыныс-тіршілігі төңірегінде өрбіді.
Медициналық оқу орындары адамзаттың жаңа
білімдері мен технологиялық жетістіктерін шоғырландыратын
жоғары оқу орны болуы тиісті.
Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.
– Талғат Сейітжанұлы, бұл университетке басшы тағайындаудың ұзаққа созылғанын жұртшылық жақсы біледі. Ректорлыққа өздерін ұсынғандардың да саны аз болмаған секілді, дегенмен Елбасының таңдауы сізге түскен кезде қандай күйде болдыңыз?
– Ерекше толғаныста болдым. Еліміздегі тұңғыш әрі ең алдыңғы қатарлы медициналық оқу орнына жетекшілік етуге берілген сенім кімге болса да зор мәртебе және үлкен жауапкершілік жүктейтіні белгілі. Кәсіби қызметімдегі маңызды кезеңдердің бірі болғандықтан, мен Елбасының сенімін ақтауға серт беріп, өз тарапымнан жаңаша жұмыс істеуге белді бекем будым. Университетке басшы тағайындау ұзаққа созылғанмен, университет әкімшілігі өз жұмыстарын толықтай әрі тиянақты атқарып келгенін ерекше атап өтіп, университет ұжымына білім сапасын төмендетпей, мәртебелерін жоғары ұстап келгендері үшін алғысымды білдіргім келеді.
– Ректор болғаныңызға тура алты ай болыпты. Осы уақыт аралығында университет өмірінде бірқатар өзгерістердің орын алып жатқандығынан хабардармыз…
– Университет ұсынатын қызметтердің ең басты тұтынушысы студенттер болғандықтан, мен ең алдымен студенттермен кездесіп, олардың оқу жүйесі төңірегіндегі ой-пікірлерін, мықты маман болып қалыптасу үшін студентке қандай жағдайлар жасалуы керек деген сауалдар төңірегінде олардың ұсыныстарын тыңдап, ой-пікірлерімен бөлістім. Өйткені, болашақ мамандардың біліміне біліктілігі сай болуы, таңдаулы дәрігер болып қалыптасулары оларға берілетін біліммен қатар, бойларына адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру дәріс беретін оқытушылардың жауапкершілігінде жатыр. «Ұстазы жақсының — ұстанымы жақсы» деген сөздің түбірінде үлкен мағына бар. Бұл тәмсілді студент-жастарға дәріс беретін әрбір ұстаз берік ұстанса деймін. Студенттердің пікірлерін білген соң барып, университет ұжымымен кездесіп, қазіргі таңдағы бағыт-бағдарларымен және алда тұрған ауқымды міндеттерімен таныстым. Ұжымның ауызбірлігі мен ынтымағы нәтижесінде университетімізде қазіргі таңда көптеген оң өзгерістер орын алып отыр. Жалғыз адамның қолынан көп іс келе қоймайды. Айтқаныңды қолдайтын, ұсынысыңды қабылдайтын, өз ойларын ашық айтатын жаңашыл, ізденімпаз әріптестерің, қолдаушыларың көп болғанда ғана қолға алған істен оң нәтиже күтуге болады. Университет ұжымының қазіргі тыныс-тіршілігі мені ұдайы жігерлендіріп, алға жетелейді.
БАРЫС – БАТЫЛДЫҚҚА ҰМТЫЛДЫРАДЫ
– Сіздің ұсынысыңызбен университеттің бұрынғы логотипі өзгертіліп, барыс бейнесі таңдалып алыныпты. Мұндағы көздеген ең басты мақсатыңыз қандай? Университетке Ұлттық мәртебе мен көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері С.Ж.Асфендияров есімі қашан берілді?
– Университетіміздің бай тарихына үңілсек, атауы төрт рет өзгертілгенін бағамдау қиын емес. Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің 1989 жылғы 11 қаңтарында институтқа С.Ж.Асфендияров есімі берілген болатын. С.Ж.Асфендияров еліміздегі тұңғыш дәрігерлердің бірі, медицина университетінің құрылуына ықпал еткен әрі тұңғыш ректорларының бірі болған көрнекті тұлға. 2011 жылы 5 шілдеде ҚР Президентінің Жарлығымен институтқа Қазақ Ұлттық медицина университеті мәртебесі берілді.
Жалпы, сексен жеті жылдық тарихы бар оқу орнымыздың тарихында көптеген айтулы оқиғалар болды. Түлектеріміздің гуманизм, ізгілік пен ақиқат жолында жалпыазаматтық идеяларды ұстануда сіңірген үлесінің зор екендігін бағамдайсыз. Шығыстың қос шынары атанған батыр қыздарымыздың бірі Мәншүк Мәметованың біздің университетте оқығандығын мақтанышпен айтамыз. Ұлы Отан соғысы кезінде оқу орнын екі мыңға жуық дәрігер бітірсе, соның 300-ге жуығы және 84 оқытушы Ұлы Отан соғысына аттанған. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері үшін Мәншүк Мәметова мен артиллерия командирі Иванилов Кеңестер Одағының Батыры атанса, 4 дәрігер Қызыл Ту орденімен, 59 дәрігеріміз Қызыл Жұлдыз орденімен, 1 дәрігер ІІІ дәрежелі Даңқ орденімен марапатталған. Мұның барлығы студенттерге үлкен өнеге мен тәрбие. Ал бүгінде медициналық университет еліміздегі инновациялық бағыттағы жоғары оқу орындарының бірі.
Логотипімізге тоқталсақ, оны ауыстырудағы ең басты мақсатымыз – жастарға жаңаша серпін беру. Олардың болашаққа, Президентіміздің ұлтымыздың алдына қойып отырған ұлы мақсат-мұраттарына ұмтылуына ықпал ету. Әсіресе, Елбасының бүгінде қоғамда кеңінен талқыланып, қолдау тауып жатқан «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау жолында бәрімізге үлкен міндеттер жүктейді.
Жастарымызға серпін беретін, олардың өз болашақтарына деген сенімін арттыратын логотипімізге барыс бейнесін таңдауымыздың да мәні тереңде жатыр. Ата-бабаларымыз ежелден барыстың тектілігін, батылдығын пір тұтқан. Сондай-ақ, барыс символы жарқын болашаққа ұмтылуға, айбынды болуға үндейді. Біз логотипті өзгерту кезінде бұрынғы құндылықтарды сақтай отырып, оған геральдика тәсілі арқылы көптеген астарлы ой білдіретін атрибуттарды енгіздік және байқасаңыз, барыстың өзі қазақтың қошқар мүйізді, оюларымен бейнеленген. Жастарға Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді осылайша жеткізуге тырыстық. Қазір жаңа логотип жобасы студенттер мен оқытушылар арасында талқылану үстінде. Жаңа жоба көпшіліктің талғамынан шығады деген сенімдемін.
– Ұлттық университеттердің басқа білім ордаларынан айырмашылығы неде? Факультеттер жеке мектептерге біріктіріліп жатыр екен, оның тиімділігі неде?
– Ұлттық ұғымы, ең алдымен, университеттің имиджі. Сондай-ақ, мемлекетіміздің тарапынан университеттің денсаулық сақтау саласындағы жетістіктерінің жоғары бағалануы, оған жан-жақты қолдау көрсетуі білім ордасының әлеуетіне деген үлкен сенім деп бағалаймыз. Ұлттық деген мәртебеге ие болу әрқайсымызға үлкен жауапкершілік жүктейді. Өз тарихында педагогикалық және ғылыми мүмкіндіктерін пайдалана отырып, жоғары білікті, бәсекеге қабілетті денсаулық сақтау саласы мен фармация мамандарын дайындап келе жатқан университетіміз үшін бұл үлкен мәртебе. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап біз факультеттерді жеке мектептерге біріктірдік. Мәселен, Жалпы медицина мектебі, Х.Досмұхамедов атындағы қоғамдық денсаулық сақтау мектебі, Стоматология мектебі, Фармация мектебі құрылды. Мұнымен бірге Халықаралық медицина факультеті, дипломнан кейінгі білім беру факультеті бар. Жылына университетімізді мыңнан астам бакалавр түлектері бітіріп шығады. Кейіннен студенттер қалаған мамандықтарына сәйкес, интернатураға түсіп, магистратура бойынша білімдерін ұштастырады. Біздің қазіргі алдымызға қойып отырған басты мақсатымыз – тек жоғары білімді медицина мамандарын даярлап қана қоймай, халықаралық еңбек нарығында сұранысқа ие, өмірдің өзгермелі әлеуметтік-экономикалық жағдайларына жылдам бейімделуге қабілетті жаңа кезең мамандарын даярлап шығару болып отыр. Біздің түлектер еліміздің денсаулық сақтау салаларында қызмет етіп, оқу барысында тәжірибелерін жетілдіреді.
Сондай-ақ, мамандарымыз өз елімізбен қатар, жақын және алыс шет елдерде табысты еңбек етуде. Оқу жүйеміздегі биылғы жылдың тағы бір жағымды жаңалығының бірі – педиатрия факультеті қайтадан ашылып, осы мамандық бойынша 140 түлек қабылдадық. Біздің университет Университеттердің халықаралық ассоциациясы сияқты онға жуық халықаралық бірлестіктердің мүшесі. Әлем университеттері арасындағы, еліміздегі университеттер арасындағы рейтингіміз жаман емес. Сала көшбасшысы, еуропалық ғылыми-техникалық АРЕS халықаралық ұйымының рейтингісі бойынша биылғы жылы алдыңғы орындардың бірін иеленіп, А+ сертификатына ие болдық. Осының барлығы университет ұжымының жетістіктері.
ERAT, EST, FUІT
– Елбасы қазақ тілін латын қарпіне көшіру туралы Жарлыққа қол қойған кезде Сіздер бірінші болып қолдау білдірдіңіздер, бұл бағытта қолға алынып жатқан іс-шараларға тоқталып кетсеңіз? Сіздердегі ағылшын тобының ашылғанына көп бола қоймаса керек, онда тек шет ел жастары ғана білім ала ма, жоқ әлде өзіміздің де жастарымыз бар ма?
– Тарихымызға терең үңілсек, латын тілі бізге енген жаңа құбылыс емес. Мен бұл өзгерісті еліміздің өз рухани негізіне қайта оралуы, келуі деп бағалар едім. Рухани жаңғырудың бір бағыты осы. 1929–1940 жылдар аралығында латын әліпбиі қолданыста болғаны баршамызға аян. Ол жылдары газеттер, кітаптар, оқулықтар және қазақ ақын-жазушыларының шығармалары латын әліпбиімен шығарылды. Сол себепті, бұл ақжолтай жаңалыққа үрке қараудың да, «балаларымыздың болашағы не болады?» деп алаңдаудың да қажеті жоқ. Латын қарпіне көшу біздің түркі тілдес елдермен одан әрі жақындасуымызға, туыстасуымызға ықпал ететін болады. Дәл осы бірыңғай тарихи-мәдени бірлікке негізделген мәдени-гуманитарлық қауымдастық еуразиялық интеграцияның іргетасы болуы әбден мүмкін. Орта ғасырдың өзінде латын тілі Еуропа елдерін байланыстырушы тіл ретінде пайдаланылды. Содан бері қаншама уақыт өтсе де латын тілі өзектілігін жоймай, қазіргі жаңа технологияның, ғылым мен әдебиеттің тіліне айналып отыр. Қазақ тілінің латын қарпіне көшірілуінің ең маңыздысы, ол — қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады. Оған қоса, шет ел азаматтарының қазақ тілін меңгеруін әлдеқайда жеңілдете түседі. Латын әліпбиімен қазақ тілін меңгерген жастар, оның ішінде дәрігерлердің болашақта ағылшын тілін ыңғайлы әрі тез үйренулеріне мүмкіндік туады. Классикалық білім алған дәрігерлер шетелдік әріптестерінің жазбаларын еркін оқи алады. Өйткені, барлық анатомиялық атаулар, дәрі-дәрмек атаулары латын тілінде. Сонымен қатар, ғылыми мақалалардың, ондағы барлық медициналық терминология латын тілінде келетіндігін ескерсек, латын дәрігерлерімізге жат емес. Байқасаңыз, біздің университеттің ұраны «Erat, Est, Fuіt» деп латын тілінде жазылған. Оны қазақшаға аударсақ, «Болған. Бар. Болады» деген мағына береді. Университетіміздің: Елге қызмет, Кәсіпке адалдық, Шаңырақ мәртебесі, Ұстазға ізет, Шәкірттерге ілтипат, Ұрпаққа ұлағат, Болашаққа ұмтылыс деген жеті құндылығы да латын тілінде жазылған. Демек, біз бүгінде сол бар дүниелерді жаңғыртып, жаңартып өмірге ендіріп жатырмыз. Ағылшын тобына келсек, топта тек шет ел студеттері ғана емес, жергілікті жастарымыз да білім алады. Ағылшын тобына арнайы байқау бойынша іріктеу жүргізіліп, студенттің ағылшын тілін жетік білуі қарастырылады. Негізінде, ағылшын тобының студенттері ғана емес, басқа топтағы студенттердің, яғни болашақ дәрігерлеріміз бен басқа да медициналық мамандық иелерінің ағылшын тілін жетік білуі заман талабы дер едім. Медицина ұдайы дамуда болған соң кейбір еңбектердің уақыт өте өзектілігі де төмендеуі мүмкін. Жылына медицина саласы бойынша шығарылатын еңбектердің саны қаншама. Денсаулық сақтау мен медицинадағы маңызды жаңалықтардың ашылуы сәйкесінше, технологияның жан-жақты дамуы білім алушылардың ұдайы ізденісте болуын талап етеді. Сондықтан студенттердің ағылшын тілін меңгеруге барынша көңіл бөлгендерін құптаймын. Жасыратыны жоқ, медицина саласындағы тың мәліметтер мен еңбектер, ең алдымен, ағылшын тілінде жарық көреді. Өйткені, дүние жүзінің басым бөлігі ақпаратты ағылшын тілінде қабылдайды. Қазіргі уақыт талабына сәйкес, заманауи технологиялар мен ғылыми-тәжірибелік жұмыстарды уақытылы қолдану үшін ағылшын тілінде ақпарат алу тиімді. Содан соң келешекте Қазақстан медициналық туризм орталығының бірі болмақ. Сонда ағылшын тілі дәрігердің қызметімен қатар, науқастармен сөйлесуіне аса қажет болады. Біз бұл жерде жастарға үш тұғырлы тілдің мақсаты мен мұратын жетік түсіндіре білуіміз тиіс. Сонда ғана жастардың тіл меңгеруге деген құлшынысы арта түседі.
БАРМАСАҢ, КЕЛМЕСЕҢ ЖАТ БОЛАСЫҢ…
– Университетте он жетіге жуық мемлекеттен келген жастар білім алады екен. Жалпы, медициналық білім алғысы келген шетелдік талапкерлер осы С.Ж.Асфендияровты таңдайтын көрінеді. Оған не себеп, оқу ақысы төмен бе, жоқ әлде білім беру сапасы жоғары ма?
– Өзге елдің жастарының көбіне біздің университетті таңдауларының ең басты себебі – білім беру сапасының жоғары болуы. Өйткені, оқу орнында болашақ дәрігерлердің білім алып, тәжірибелерін жетілдіруіне қажетті жағдайлардың барлығы жасалған. Университет заман талабына сай материалдық-техникалық базамен және зертханалармен, клиникалық базамен жабдықталған. Университет қызметкерлері халықаралық бағдарламалар мен гранттар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарына белсене атсалысады. Ынтымақтастық аясында бірлескен білім беру бағдарламалары, ғылыми жобалар әзірлеп, медициналық білім беру сапасының жоғары стандарттарына қол жеткізу мақсатында академиялық ұтқырлықты дамытуды жүзеге асырып келеді. Университетімізде жетекші профессорлар мен оқытушылар, өз саласының білікті де білгір мамандары дәріс береді. «Бармасаң, келмесең жат боласың» деген сөз тағы бар. Бұл ретке келгенде оқу орнында барыс-келіс жақсы жолға қойылған. Соның нәтижесінде оқу орнымыз әлемнің көптеген медициналық оқу орындарымен, орталықтарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Олардың ішіндегі Жапонияның Нагасаки университетімен, Азия –Тынық мұхиты университетімен, АҚШ-тағы Дюк, Cингапурдағы Parkway College, Италиядағы Перудже, Оңтүстік Дунай, Қырғыз мемлекеттік медицина академиясы, Киевтегі А.Богомолец атындағы Ұлттық медицина университетімен, Украинаның Харковь қаласындағы Ұлттық фармация университетімен, И.Сеченов атындағы Мәскеу медицина университетімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз. Бұл байланыстар оқу орнының әлемдік білім кеңістігінде өзіндік орнын көрсетсе керек.
УНИВЕРСИТЕТТІҢ ӨЗ ЖЕТІ ҚҰНДЫЛЫҒЫ БАР
– Талғат Сейітжанұлы, әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», – деген екен. Студенттердің жақсы маман болып қалыптасуына септігі тиер тәрбиелік жұмыстарға тоқталсаңыз. Себебі, қоғамдық жұмыстар жастардың тұлға болып қалыптасуымен қатар, қоғаммен тығыз байланыс орнатуына көмектеседі ғой?
– Университетімізде тәрбие жұмыстары оқу үдерісінің маңызды бір бөлігін құрайды. Негізгі мақсат – университет құндылықтары мен дәстүрін сақтай отырып, студенттерді тұлға ретін қалыптастыру болып табылады. Университет ұжымы мен студенттер қауымы бекіткен елге құрмет, кәсіпке адалдық, шаңырақ мәртебесі, ұстазға ізет, шәкірттерге ілтипат, ұрпаққа ұлағат, болашаққа ұмтылыс деген жеті тармақтан тұратын құндылықтар тәрбиеге негізделген. Сонымен бірге, ҚАЗҰМУ-дың үздік студенттерінің он негізгі құзыреті бар. Ол мақсатшыл, алдына үлкен мақсаттар қойып, нық өмірлік ұстанымдарды ұстана отырып, қоғамға өз пайдасын бере алады. Ол адамгершілікті ұран етеді. Дәрігерге қажетті адамгершілік қасиеттерді бойына сіңіріп, қоршаған ортаға мейірімділікті насихаттайды. Ол мәдениетті. Зиялы, мәдениетті адам үлгісін ұстанып, өзін жан-жақты қырынан көрсетуге мүдделі. Ол кәсіби. Өз жұмысын кәсіби атқарып, білікті маманға тән қасиеттерді қалыптастырады. Ол академиялық жұмыстарға белсене араласады. Ғылыммен шұғылданып, заманауи технологияларды медициналық тұрғыда пайдалану біліктілігін танытады. Ол технологияға жақын. Цифрлы білім беру мен денсаулық сақтауды дамытып, клиникалық дағдыларды жетілдіреді. Ол бәсекеге қабілетті. Жан-жақты білім игеріп, ағылшын тілін жетік біледі. Нәтижесінде академиялық ұтқырлық бойынша шет елдерде тәжірибесін шыңдайды. Ол әрекетшіл. Ол өз біліктілігімен табыс тауып, сеніп тапсырылған ресурстарға жауапкершілікпен қарайды және оларды тиімді пайдалана алады. Ол спортпен шұғылданады. Салауатты өмір салтын ұстанып, өз денсаулығына көңіл бөледі. Ол көпшіл. Ортамен еркін қарым-қатынас қалыптастырады, ширақ.
Міне, осы аталған құзыреттіктер бойынша тәрбие жұмыстары жүргізіледі. Университеттегі «Даңқ», «Тағзым», «Игі істер аллеясы» жастарды тарихымызды құрметтеуге, құндылықтарымызды бағалауға үйретеді. Университетіміздің студенттік өзін-өзі басқару ұйымы Алматы қаласының Жастар саясаты жөніндегі басқармасымен, басқа да қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, Алматы қаласының өміріндегі қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Соның нәтижесінде биыл студенттік өзін-өзі басқару ұйымы Алматы қалалық Жастар саясаты жөніндегі басқарманың Алғыс хатымен марапатталды. Қайырымдылық шараларын жиі ұйымдастырып тұрады. «Конкордия» театрымыздың шаңырағы студенттер ұйымдастыратын іс-шаралардан босап көрген емес. Мұның өзі жыл өткен сайын жастардың қоғамдық өмірге деген белсенділіктерінің артып келе жатқандығын дәлелдейді. Еліміз өмірінде өтетін айтулы шаралар кезінде біздің студенттердің еріктілер қатарынан көптеп табылып жататындығын да атап өткен жөн. Өткен жылы Алматы қаласында өткен Қысқы Универсиада ойындары кезінде біздің студенттерден құрылған еріктілер тобы белсенділіктерімен танылғанын айта кеткеніміз артық болмас. Жоғары курстың студенттері жоғары оқу орындарында денсаулыққа байланысты және басқа да медициналық тақырыптарда дәрістер оқып, түрлі тақырыптарда сауалнамалар жүргізіп, сол сауалнамалар бойынша жастардың денсаулықтарына талдаулар жүргізеді. Жақында Студенттік кәсіподақ ұйымы тағы бір қайырымдылыққа негізделген «Бір тамшы нәр» деген жаңа жобаны қолға алды. Бұл жоба арқылы студенттер жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандар мен ауыр науқасқа шалдыққан жандарға көмектесетін болады.
– Демек, студенттеріміз сегіз қырлы, бір сырлы дейсіз ғой. Ал енді осы болашақ дәрігерлеріңіздің ең басты мәселесі – жатақханамен қамтамасыз етілуі қалай?
– Баспанаға өте зәру деген студенттердің 43 пайызы жатақханамен қамтамасыз етілген. Қазіргі кезде жаңа жатақханалар құрылысы жүргізіліп жатыр, құрылыс жұмыстары толық аяқталып, жатақханалар пайдаланылуға берілген кезде студенттеріміздің 80 пайызы жатақханамен қамтамасыз етіледі деген жоспарымыз бар.
ДӘРІГЕР СЕЗІМТАЛ БОЛУЫ КЕРЕК
– Талғат Сейітжанұлы, қазір дәрігерлерге айтылатын сын көп. Мамандықтарына немқұрайлы қарайды деген өкпе-реніштер тағы бар. Оған не себеп? Алған білімнің таяздығы ма, жоқ әлде адамның өз мамандығына деген жауапкершілігінің жоқтығы себеп пе?
– Дәрігерлерге қатысты сынның айтылуын жоққа шығара алмаймыз. Бес саусақ бірдей емес қой, дегенмен сен осы мамандықты таңдадың ба, оның қиындығына төзуің керек. Адамға сенің тағайындаған еміңмен бірге, жанын жұбатар жылы сөзің мен мейірімің керектігін ұмытпау керек. Біз бірінші курстан бастап студенттердің құлағына осы қасиеттерді сіңіруге тырысамыз. Олардың курстан-курсқа өтуі кезінде бағаларына, пәнді игерулеріне үлкен көңіл бөлінеді. Медицина саласында білім алу оңай емес, ол өмір бойы оқып, ізденуді, үйренуді талап ететін мамандық. Сондықтан бұл мамандыққа әр адам өзінің шынайы жүрек қалауымен келгені дұрыс. Мен осы ретте студенттердің мынандай маңызды мәселелерге көңіл бөлгендерін қалар едім. Ең алдымен, болашақ дәрігер оқу барысындағы тәжірибелік сабақтар кезінде науқастармен көп жұмыс істеулері керек. Олардың жан-дүниесіне үңіліп, ең алдымен, ауруын емес, оның жанын ауыртып тұрған жағдайларына талдау жасай білуі тиісті. Ол үшін интерн мен резиденттерді міндетті түрде клиникаларда кезекшілікке жұмылдыру қажет. Түнгі кезекшілік пен тәжірибелік сабақтар барысында студенттер өз мамандықтарының адамның өмірі мен денсаулығы жолында қаншалықты жауапты екендіктерін көбірек сезінетін болады. Болашақ дәрігерлер уақытының 90 пайызын білім мен тәжірибеге арнауы тиісті. Ал өз мамандығының адамға қажеттілігін, жауапкершілігінің зор екендігін түсінген адам жұмысына немқұрайлы қарамайды. Жоғарыда айтып өткеніміздей, адамның адамгершілігі алған білімімен ғана өлшенбейді, оның отбасында алған тәрбиесіне, өзінің жеке басының адамгершілік қасиеттеріне де көп байланысты. Қай ата-ана өз баласының жаман болғанын, ол туралы жаман сөз естігісі келеді дейсіз, біз де сол ата-ана секілдіміз, білім беріп, қанаттандырып шығарған түлектеріміздің оқыған оқу орнының мәртебе-мерейі мен абыройына лайықты болса деп тілейміз. Жаман аттарын естігіміз келмейді. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген тәмсіл біздің дәрігерлерімізге қаратылып айтылған секілді. Адамды дертінен дәрігердің ұсынған дәрісі ғана емес, жылы жүректен айтылған жақсы сөзі де айықтырып, емдеп шығатынын әр дәрігер ұмытпаса дегім келеді. Сезімталдық пен адамгершілік дәрігердің ең асыл қасиеттері болуы тиіс.
АНА ТІЛІ АНА СҮТІМЕН ДАРИТЫН АСЫЛ ҚАСИЕТ
– Медицинаның тілі орыс тілі мен ағылшын тіліне бейімдеу болғанмен, қазақшаңыз жақсы екен. Мақал-мәтелге жақын көрінесіз?
– Қазақтың тұңғыш заңгері Бақытжан Қаратаев, батыр апамыз Мәншүк Мәметова, мың өліп, мың тірілген қазақтың мұңын өлең тілімен жеткізген Жұбан Молдағалиев, қазақтың Қадырына айналған Қадыр Мырзалиев, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Қажым Жұмалиев, ақын Сағынғали Сейітов, ән еркесі Ескендір Хасанғалиев сынды, тағы басқа да ел тұлғалары өмірге келген Орал өңіріне кіндік қаны тамған менің қазақшам нашар болса, ол азаматтығыма үлкен сын болар еді. Ана тілі әр қазақтың бойына ана сүтімен даритын асыл қасиет, сол себепті, қазақ тілін ұмытып қалдым дейтіндерді түсіне алмаймын. Қазақтың Қадыры айтып кеткен жоқ па, «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деп, біз, ең алдымен, өз ана тілімізді құрметтеуге міндеттіміз. Ана тілін жетік білген адам өзге тілді жетік меңгере алады.
– Бұл тұжырымдарыңыз Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласындағы Тіл туралы тағылымдармен, «Туған жерге туыңды тік» деген бағдармен үндесіп жатқандай…
– Әр қазақтың Отаны — Қазақстан, қазақ жері болғандықтан ол тек туған ауылына ғана емес, өзі тұратын, өзі қызмет істеп жүрген жерінің өсіп-өркендеуіне, сол аймақтың дамуына үлес қосуы тиісті. Бұл жерде біз Абай данамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» деген қағидасын қатар ұстана білсек, туған еліміздің дамуына қосар үлесіміз еселене түседі.
– Болашақ иелері – жастарға қандай тілек айтар едіңіз?
– Жастарға «Мен жастарға сенемін деп кеткен Мағжан Жұмабаевтан артық не айтуға болады. Елбасымыз да жастарға үлкен сенім артқанын білесіз. Болашақ жастардікі. Келешектегі елдің иесі өздері екендіктерін сезіне білетін жастар алға ұмтылуы керек. Елбасының қазіргі ұстанып отырған саясаты жас ұрпақтың жарқын болашағына арналып отыр. Менің әкем, марқұм «жастың бетіне түкірме, өйткені сен оның болашақта кім болатындығын, оның алдында не күтіп тұрғанын білмейсің» дейтін. Мен жастармен жүздескен сайын әкемнің осы сөзі ойыма оралады. Сондықтан да жастарға деген сенімімді де, үмітімді де, университетіміздің логотипіне барысты таңдау арқылы жеткізігім келді. Университеттің логотипіне қараған әр студенттің сол барыстай алға ұмтылатындығына, соңында із қалдыруға асығатындығына сенемін.
– Өмірде ұстанатын қағидаңыз?
– Менің алғашқы мамандығым әскери дәрігер болғандықтан, тәртіпті жақсы көремін. Бауыржан бабамыз «Тәртіпке бағынған құл болмайды» демей ме. Содан кейін үлкенді үлкендей, кішіні кішідей сыйлай білу. Қазір осы бір қасиетімізді жоғалтып барамыз. Ұлттық код деген ұлтымызға тән осындай асыл қасиеттердің жиынтығы десек, ұлттық болмысымыздағы сол қасиеттерді, салт-дәстүр, дағдыларымызды қайта жаңғыртып қолға алсақ, алға қойып отырған ұлы мұраттарға қол жеткізеріміз анық. Міне, жаңа 2018 жылдың алғашқы парағын ашып отырмыз. Жаңа жыл елімізге құтты, табысты жыл болсын деп тілеймін. Жастар қаласы – Алматымыз жайнай берсін. Әдемі қалада білім алып жүрген жастарымыздың әдебі әдемі, мәдениеттері биік болсын!
Әңгімелескен —
Нұржамал БАЙСАҚАЛ.