«Ұлы жеңіске тағзым»
«Сарбаз» газетінің кезекті нөмірін оқып отырып, кенет көзіме осыдан 45 жыл бұрын жазылған Бауыржан Момышұлының жаңа жылдық қолтаңбасы бар мақала түсті. 1968 жылы 29 желтоқсанда жазылған тілекті жариялаған ақын Алмас Темірбай екен…
«…Жасқанып өскен жаумен жағаласа алмайды… Жастарды біз ержүрек етіп тәрбиелеуге міндеттіміз» -деп жазған екен. Қазақтың мақтанышына айналған хас батыр ғана осылай қасқайып тұрып айта алады. Бұл жай тілек емес, бұл – аманат , бұл – тағлым.
Ерлік жасау үшін ержүрек қана болмай, елін, жерін сүйетін үлкен жүректі азамат болу керек. Батыр туған жерінің қасиетті топырағынан, суының тұнығынан, елінің парасаттылығынан жаралады екен. Сол бір зұлмат соғыс – Ұлы Отан соғысында аталарымыз жеңіске жетті. Ұлы жеңіске оларды жетелеген – жасқанбайтын өр мінездері, жауына бітіспес өшпенділігі.
Әрбір әке ұлына қандай қиындық көрсе де: «Тый жасыңды. Көрсетпе жылағаныңды» – деп тыйым салады,тіпті кейде қиындыққа шыдамайтындарға «нәзік жансың ба» – деп те қайрап алатын. Ойнаса да «Алпамыспын», бірі «Қобыландымын» десе, ат қойғанда да ниет қылып, хас батырдың, атақты адамдардың атын қойып жатады «Балаңды бес жасқа дейін хандай көтер, он бес жасқа дейін құлдай жұмса, он бестен ары онымен досыңдай ақылдас» деген бабаларымыз ұлдарын намысшыл, өр мінезді, жасқанбайтын етіп өсірген. Өр мінез қайсарлыққа, ерлікке жетелейді.
Үлкен Отанын қорғаған Кеңестер Одағының әр азаматы Жеңіс күнін жақындатып, қасық қаны қалғанша күресті. Сұрапыл соғыстағы жеңіске биыл 77 жыл толды. Содан бері 77 рет жиде гүлдеп, 77 рет қайың бүр жарды…
Арысынан айрылған аналар, боздағынан айрылған сұлулар, әкесінен айырылған балалар сан мыңдаған рет терең күрсініп үнсіз көз жасын ағызды…Иә, 77 жыл аз уақыт емес… 77 жылда үш ұрпақ дүниеге келіп, өсіп-өнді. Бірақ соғыс салған жүректегі іздер әлі жазылған жоқ. Жазылмақ емес, өйткені адамзат тарихындағы бейбіт жатқан елге жасалған жауыздық, көзден аққан қанды жас, дүниеге келмей жатып жетім атанған баланың көз жасы ешқашан ұмытылмайды.
Иә, «Ерлік ел жадында сақталады» дегендей ұрпақтан ұрпаққа олардың ерліктері жайлы естеліктер жазылып, тарихи бағалары берілді, әлі де берілері хақ.
Жеңіс мерекесі – бұл біздің ата-бабаларымыздың батырлығы мен ержүректілігі, тыл жұмысшыларының төзімділігі мен ерлігі.
Батырлықтың құнды шежіре беттерін парақтаған сайын Баубек Бұлқышевтың «…Мен өмірден алатын еншімді әлі алғаным жоқ, мен өмірді қатты сүйемін, менің өмір сүргім келеді…» – деген жолдарын оқып, қаншама адамның оқылмаған кітабы, айтылмаған сырлары, білдірмеген нәзік сезімі қалды десеңші…
Батырларын ұлықтаған халық Бауыржан Момышұлы, Төлеген Тоқтаров, Мәншүк, Әлия, Хиуаздай қыздары мен ұлдарының қайсарлығын, елі үшін жасаған ерлігін ешқашанда ұмытпақ емес! Ел басына қиын-қыстау заман туған сын сағатта өлімге бас тігіп, қан майданға аттанған қазақ жастарының батырлық әрекетін көзсіз ерлікке баласақ артық емес. Оққа ұшқан қарулас жолдастарының аманатын арқалап, аман оралған ардагер аталарымыз бен апаларымыздың қамығып жеткен Жеңіс күнін тарих ешқашан ұмытпайды.
Мен соғыс жайлы көркем шығармалардан оқып және фильмдерден көргенім ғана болмаса, соғысты көрмеген бейбіт елдің бейбіт азаматы ретінде осы жаймашуақ күндерім үшін Отан үшін от кешкен боздақтарға шексіз ризамын.
Халықтың бірлігі сын сағатта сынға түседі. Кеңес үкіметінің құрамындағы 15 бауырлас република өкілдері өзінің ұлы Отанын сұм пиғылды жаудан қорғай білді. Қазақтың қос шынары – Әлия мен Мәншүктің ерлігі жастарға үлгі-өнеге бола білді.
Адамзаттың тарихында қызыл қанмен жазылған Ұлы Отан соғысының куәсі болған Невель қаласының жеріне 2012 жылы тәуелсіз елдің ұрпағы ретінде бізге тыныш ұйқы, бейбіт өмір сыйлап, жандарын пида етіп өмірлерін қиған жауынгерлердің ерлігіне тағзым ету үшін аяқ бастым. Ерлігіне бас идім, қазақтың қызы жасаған ерлікке өзге ұлт өкілдерінің жоғары баға бергеніне риза болып, кеудем мақтанышқа толды.
Мен өз көзіммен, кезінде адамның бойымен бірдей тереңдікке қазылған окоптарды, соғыс жылдарынан аман өткен ағаштарды, Мәншүктің қайтыс болған жерін көргенімде,соғыстың қаншалықты сұрапыл болғанын дәл сол мезетте түсінгендей болдым. Соғыс туралы кино, суреттерді көрген бір бөлек, батырлардың шайқасқан жерін көзіңмен көрген бір бөлек болады екен. Ол жерде топыраққа толған, бетін шөп басып, ақ қайыңдар өскен окоп орындары өте көп.
Мәншүк соғысқа Алматы қаласының С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 2 курс студенті болып аттанған. Осыған орай университет Мәншүктің ерлікпен жүріп өткен жолдарына зерттеу жүргізіп, менің әкемді экспедицияның басшысы етіп тағайындады. Әкемнің іс – сапарға баратынын естіген мен, қалмай, зерттеу жұмысына бірге аттандым.
Тобымыздың құрамы: әскери кафедрасының аға оқытушысы, медицина қызметінің подполковнигі, менің әкем Лесбаев Әлімхан Тазабекұлы, университет студенттері Сметов Ғани, Исабекова Самал және мен Лесбаева Бағдат.
Біздің жүріп өткен жолымыз: Алматы – Мәскеу – Смоленск – Витебск (Белоруссия) – Невель (Псков облысы, РФ) – Мәскеу – Орал (БҚО,ҚР) – Алматы.
Біздің мақсатымыз Мәншүк Мәметованың 90 жыл мерей тойына орай деректі фильм түсіру болды. Және де біз мақсатымызға жеттік.
Бұл зерттеу жұмысы бізге көптеген естен кетпес әсерлер қалдырғаны сөзсіз. Өз басым, М.Мәметова апамызды тереңінен түсінуге мүмкіндік алғаныма өте қуаныштымын. Майданда жүріп, Әмина Мәметоваға жазған мына хат жолдары менің жадымда жатталып қалыпты, оның хатында:
« Әпкетай, енді хат жазам ба, жазбаймын ба білмеймін. Егер өліп кетсем, әкем үшін, сіз үшін, Отан үшін…» – деп жазылған. Осы сөздері Мәншүк Мәметованың ержүрек, нағыз хас батыр, қайсар мінезді адам екенін айқындай түседі. Осы экспедициядан мен өзіме үлкен әсер алдым. Бұл жолда мен барлық жастар атынан ерлікке тағзым етіп, бас идім.
Әр заманның өз батыры болары рас. Бүгінгі ұрпақты, XXI ғасыр жастарын біреулер «қатігездеу» десе, біреулер «өзімшіл» дейді. Әйтеуір, бүгінгі ұрпақ көп адамның ойынан шыға бермейді. Мен бұл пікірмен келісе бермеймін, өйткені қиындық туса, олар да ерлік іске барады. Олар да мейірімді, өйткені бүгінгі жастар – сіздердің ұрпақтарыңыз, от пен оқтың ортасынан аман оралған майдангерлердің ұрпағы. Бабалары мықты елдің ұрпағы жасық болмақ емес!
Еліміз Тәуелсіздік алып, жаңа дамудың жолына түсті. 30 жылда сол ұрпақ аталар салған жолмен талай биіктерді межеледі. Жастар – білімпаз ұрпақ. Білімді ел ғана болашақтың тізгінін ұстайды. Қазіргі заманауи ғылым мен техниканың тілін ұғып, жаңалықтар ашып жатқан жастар аз емес.
Елімнің мерейі өсіп, нағыз «Ақ түйенің қарны жарылған күнге», «Елі басшысын, басшысы елін ұлықтайтын заманға» жеттік. Елбасының дара беделін, биік парасатын, табанды саясатын бүгінде әлем мойындады. Ендеше, жастар да Елбасы ұстанған «Бәсекеге қабілетті болу үшін адам білімді болуы керек» – деген ұстанымды ту етіп, «Нұрлы жолда» болашаққа апаратын да жастар екеніне сенімім мол.
Өмір мен өлім арбасқан сәтте елін қорғап қалған әр азамат – Батыр атағына лайық. Соғысқа қолына қару алып аттанған 1 млн 366 мың жауынгердің 611 мыңы майдан даласынан оралмай қалса, бүгінгі таңда небары 5115 ардагер ғана қалған екен. Біз, жастар, әр ардагерге құрмет көрсетіп, олардың өшпес ерлігінен үлгі алуымыз керек. Әр жауынгердің аты тарихта қалуы тиіс.
Біз Сіздердің ерліктеріңізге бас иіп, тағзым етеміз!
Биыл қазан айының 2-ші жұлдызында Мәншүк апамыздың туылғанына 100 жыл толады.
Лесбаева Бағдат Әлімханқызы