Ұстаздар күні құтты болсын!
Құрметті Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің оқытушылары, профессорлары, аса қадірлі ардагерлер!
Баршаңызды Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл мереке болашақ ұрпаққа білім мен тәрбие беру сынды ең асыл қызметке саналы өмірін арнаған жандарды біріктіретін мерейлі күн!
Сіздердің еңбектеріңіз қоғам үшін аса бағалы. Бүгінде Университеттің 1301 білікті профессор-оқытушылар құрамы тек білім беріп қана қоймай, студенттер бойында жауапкершілік, кәсібилік және жетілуге деген ұмтылысты тәрбиелей отырып, болашақтың іргесін қалайды. Сіздердің ерен еңбектеріңіз бен зор үлестеріңіз Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін дамытуға, сондай-ақ еліміздің халықаралық аренадағы беделін нығайтуға ықпал етуде.
Бүгінде университетімізде әлемнің түкпір-түкпірінен 15 660 студент білім алуда, олардың қатарында 37 елден келген 2 828 шетелдік студент бар. Бұл біз үшін зор мақтаныш. Сіздердің мол тәжірибелеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында студенттеріміз бакалавриат, магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша 9 мектеп пен факультетте білім ала отырып, жоғары білікті маман болуға қажетті білім мен дағдыларды игеруде. Қазақстанның әрбір үшінші медицина қызметкері — біздің университет түлектері, жалпы саны 100 мыңнан аса маман университет қабырғасынан шықты.
Биылғы жылы ЮНЕСКО жариялаған Ұстаздар күні тақырыбы — «Ұстаз дауысы құндылығы: білім берудегі жаңа әлеуметтік келісім» — бүгінгі таңда өте өзекті. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, дауыстарыңыз, білімдеріңіз бен тәжірибелеріңіз университетімізді әрі бүкіл қоғамды алға жылжытатын маңызды ресурс. Біз барлық сын-қатерлерді бірге еңсеріп, студенттерді жаңа жетістіктерге ынталандыратын білім беру ортасын құруды жалғастыратынымызға сенемін.
Сіздерге зор денсаулық, сарқылмас күш-қуат және жаңа кәсіби жетістіктер тілеймін! Әрбір жұмыс күндеріңіз шәкірттеріңіздің жетістіктері мен атқарған жұмысыңыздың нәтижесіне деген мақтаныш сезімін әкелсін!