Ұстаз сөзінде қаншама мағына жатыр десеңізші
2018 жылдың 05 қазан күні С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-да Халықаралық Қарттар және Ұстаздар мерекесі бірге аталынып өтті. Ұстаздың еңбегі мен мейірімін бір сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ес біліп мектеп табалдырығын аттағаннан бастап, біздер ұстаздан білім нәрін сусындап, тәлім-тәрбие алып, білімнің үлкен жолына түсеміз. Өмірдегі ата-анамыздан кейінгі үлкен қамқоршымыз, – деп айтуға әбден болады.
Мерекелік іс-шара жылдағы қалыптасқан дәстүр бойынша «Ұстазыма» ескерткішіне гүл шоғын қоюдан басталды. Мәдени-шығармашылық жобаларды іске асыру тобы, Кәсіби тілдер кафедрасының ұйымдастыруымен студенттер ардагерлерді күтіп алып, мереке соңына дейін бірге қастарында болды. Ескерткішке гүл шоғын қойып біткеннен соң қонақтар мен қатысушылар «Concordia» театрына бет алды. Театрдағы мерекелік іс-шара студенттердің орындауындағы «Ұстазыма» әнімен басталып, артынша ардагерлерге гүл шоқтары сыйланды. Университет ректоры Т.С.Нурғожин ардагерлер мен оқытушыларды Халықаралық қарттар және Ұстаздар мерекесімен құттықтай келе, бүгінгі басқосудың Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауымен тұспа-тұс келіп, ардагерлермен бірге тыңдағандары көңілге қуаныш ұялатады, – деді.
Бүгінгі жолдауда Елбасы келер 2019 жылды Жастар жылы,- деп бекітті. Ал мұның өзі жастарға үлкен сенім артып отырғандығының белгісі екенін, сондай-ақ жастарға ардагерлерді құрметтеп, үлгі етуін, университет тарапынан ардагерлерге үнемі қол ұшын беретіндігін айтып өтті.
Университет оқытушылары атынан Эмидемиология кафедрасының негізін қалаушы, ҚазҰМУ Құрметті профессоры Амиреев Сакен Амиреұлы құттықтау сөз сөйледі.
Осы мерекелік жиындағы тағы да бір айта кетерлік оқиға « Профессор Қазбек Тулебаев атындағы стипендия» Жалпы медицина мектебінің студенті Солтанай Жәнібекке табысталды.
Сонымен қатар, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ жергілікті жұмысшылар кәсіподағы атынан деканаттардың ұсынуымен оқытушыларға дипломдар мен сыйлықтар тапсырылды. Мерекелік іс-шараның екінші бөлімі концертпен жалғасты. Концерттік бағдарламада университет көркемөнерпаздар үйірмелерінің студенттері ұстаздарына деген ризашылықтарын әсем әнмен жеткізді. Атап айтқанда, Жалпы медицина және Фармация мектебінің студенттері Бабахан Сержан, Төлеубек Жасұлан, Рахи Жанель, Жаныбек Қорлан, Нурсадыкова Айдана, Зульфухарова Камиля өз өнерлерін барынша ортаға салды. Сондай-ақ, концерт қонақтары А.Селезнев атындағы хореографиялық колледждің оқушысы Середа Кристина «Корсар трио одалиски» вариация биін орындап, Халықаралық байқаулардың лауреаттары, жігіттер тобынан құралған «Арт Классик» квартеті өздерінің орындауындағы әндермен мерекелік концертті аяқтады. Концерттен соң ардагерлер ҚазҰМУ кәсіподағы ұйымдастырған мерекелік дастарханға өтті. Ардагерлер әр кездескен сайын бір-бірімен әңгімелесіп көңілдері бір серпіліп қалады. Адамға-адамның жылы сөзі, құрмет көрсетуі ешнәрсеге жетпейді. Ал, біздер тарапынан ардагерлерге әруақытта мерекелермен құттықтап, елеп отырғанның өзі көңілдеріне қуаныш ұялатады.