«Әлемнің дыбыстары» II халықаралық музыкалық фестивалі өтті
14 қараша күні ҚазҰМУ-да кохлеарлық имплантация жасалған балаларға арналған «Әлемнің дыбыстары» II халықаралық музыкалық фестивалі өтті. Фестивальге Қазақстан, Түрікменстан, Тәжікстан, Ресей, Беларусь және Грузиядан келген 35 бала қатысып, сахнада ән айтып, би билеп, музыкалық шығармалар орындады. Кохлеарлық импланттың арқасында олар бүгін дыбысты естіп, өнерін еркін көрсете алады.
Бұл фестиваль үлкен еңбектің нәтижесі. Оның артында дәрігерлердің, сурдопедагогтардың, логопедтердің, психологтардың және, ең бастысы, ата-аналардың жүйелі жұмысы тұр. Сахнадағы әр нөмір – үнсіздіктен дыбыстар әлеміне жасалған қадам, әр баланың өз шектеуін жеңіп шыққанын көрсететін жеке оқиға.
Қазақстанда кохлеарлық имплантация бағдарламасы 2007 жылдан бері іске асырылып, мемлекет есебінен қаржыландырылады. ҚазҰМУ клиникалық жұмыс жөніндегі проректоры Светлана Сұлтанғазиева бұл қолдаудың маңызын атап өтті:
«Жыл сайын елімізде кохлеарлық имплантация операцияларына мемлекет тарапынан шамамен 500 квота бөлінеді. Соның 120–220-сы жыл сайын біздің «Ақсай» университеттік балалар клиникамызда жасалады. Әр санның артында – алғаш рет ата-анасының дауысын, музыканы, қаланың дыбысын есту мүмкіндігіне ие болған нақты бір бала тұр».
Фестиваль мемлекеттік бағдарламалар, медицина қызметкерлері мен педагогтардың, қайырымдылық ұйымдары мен серіктестердің күш-жігері бір мақсатқа – есту қабілеті бұзылған балаға есту, сөйлеу, білім алу, шығармашылықпен айналысу және қоғамда толыққанды өмір сүру мүмкіндігін беру жолында тоғысатынын көрсетті.
ҚазҰМУ-да өткен «Әлемнің дыбыстары» фестивалі залға жиналғандардың бәріне бір ақиқатты тағы да ұғындырды: кейде естілген бір ғана дыбыс адамның бүкіл тағдырын өзгертіп жібере алады.
































