Әріптесіміз, профессор Құлманбетов Исатай Әзімұлы өмірден өтті
2020 жылы 26 шілде күні белгілі ғалым, стоматолог және терминолог, ортопедиялық стоматология кафедрасының профессоры Құлманбетов Исатай Әзімұлы дүниеден өтті.
Ол еліміз егемендік алған алғашқы жылдардан бастап қазақ тілінің жанашыры, мәртебесін көтеруші азамат ретінде танылды. Көп жылдар бойы университеттің «Қазақ тілін дамыту» бөлімін басқарып, тіліміздің медицина саласында лайықты орнын алуына, дамуына зор үлес қосты.
Стоматология саласының терминдерін реттеп, жүйелеп,қалыптастыру жолында қажымай еңбек етіп, бірнеше оқу құралдары мен сөздіктер,100 – ден аса ғылыми мақалалар жазып кетті.
Исатай Әзімұлы өзіміздің университеттің және ҚР ДСМ медициналық терминологиялық комиссиясының мүшесі ретінде терминдерді біріздендіру мәселелерін шешу үдерісіне белсенді ат салысты.Өмірінің соңына дейін, Университет ғалымдары дайындаған қазақ тіліндегі ғылыми еңбектер мен оқу құралдарын,оқулықтарды баспадан шығаруға сараптама беретін комиссияның төрағасы болып қызмет етіп келді.
Ол «ҚР денсаулық сақтау үздігі» белгісінің, А.Байтұрсынов атындағы «Саңлақ автор» алтын медалінің иегері.
Өкінішке орай, стоматология терминдерінің негізін қалаушы ғалым-клиницист, есімі ел есінде қалатын көрнекті азамат Исатай Әзімұлынан көз жазып қалдық.
ҚР ДСМ медициналық терминологиялық комиссиясының және С.Ж.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина медицина университетінің терминологиялық комиссиясының мүшелері Исатай Әзімұлының бала-шағасына, туыстары мен жақындарына, әріптестеріне қатты қайғырып көңіл айтады. Ол патриот азамат, көрнекті ғалым, стоматолог және педагог ретінде мәңгі есімізде қалады.