Өмірдегі ең қиын нәрсе – әділ болу. Академик Шарманов Төрегелді Шарманұлы ҚазҰМУ студенттерімен кездесті
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде қазақстандық медицинаның мақтанышы және аңыз адамы, академик Шарманов Төрегелді Шарманұлымен кездесу өтті.
Әлемдік медицинаны өзгерткен Алматы декларациясын жасаушы, көрнекті дәрігер жиналған студенттерге бағыт-бағдар бере отырып, өзінің өмірге деген көзқарасымен бөлісіп, өміріндегі ең қиын сәттерін қалай еңсергені туралы айтып берді. Студенттер академикке Қазақстанның дамуына қосқан зор үлесі үшін алғыстарын білдіріп, көкейлеріндегі сұрақтарды қойды. Атап айтсақ, студенттер адам бойындағы ең ізгі қасиеттерге қызығушылық танытты.
«Өмірдегі ең қиын нәрсе – әділ болу. Кез-келген уақытта әділ болып қалу өте қиын. Әділ болуға, лайықты еңбекпен айналысуға қабілетті адам бақытты адам. Мен әділдік пен жан тазалығын бірінші орынға қоямын», – деді Төрегелді Шарманов.
Сонымен қатар, ол КСРО кезінде әлеуметтік теңсіздікпен және шенеуніктердің қысымымен қалай күрескені туралы айтып өтті.
«Мен әрдайым адамзаттың қас жауына айналған аурулармен күрескім келді. Қай дерт болсын – елге тиген кесел, қауіпті апат. КСРО кезінде туберкулезбен ауыратындардың көпшілігі Қазақстанда болды. Ал онда қандай қиындық болды? Әрине басты себеп – әлеуметтік жағдай. Ауылдық жерлердегі тұрғындардың заманауи медицинаға қол жеткізуі екіталай. Денсаулық сақтау министрі болғанда бірінші кезекте көбіне ауылдық жерлерден келген студенттердің медициналық университеттерге түсуі үшін шара қабылдадым, оқуға қабылдану межесін бір-екі баллға төмендеттім, бұл үшін мені қатты сынға алды», – деді Т. Шарманов.
Ұлытаудың тумасы, жұмысшы отбасынан шыққан бала қарапайым адамдар өмірінің қиындықтарын жақсы білген. Ол өз мансабын теңсіздікті жоюға, аурудың нақты себептерін іздеуге, дәрі-дәрмектерді автоматты түрде беруге қарсы күреске және табиғатқа жақын емдеу әдістерін іздеуге, қазақтың дәстүрлі тағамдарына негізделген дұрыс тамақтануды ескере отырып, науқастың денсаулығын кешенді түрде қарауға шақырды.
Академик Төрегелді Шарманұлы кез келген жаста салауатты өмір салты мен дене белсенділігін арттыру қажеттігін, бойдағы сырқатпен өмір сүруден артық бақытсыздық жоқ екенін, денсаулықты сақтау қажет, – деп атап өтті.
Төрегелді Шарманов – еліміздің денсаулық сақтау саласының үздік ұйымдастырушысы, Қазақстан мен Орталық Азия республикаларындағы нутрициологтар мектебінің негізін қалаушы, оның бастамасымен 1978 жылы Алматы қаласында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен ЮНИСЕФ қолдауымен алғашқы-медициналық және санитарлық көмек жөніндегі халықаралық конференция өтті. Аталмыш конференцияда әлемдік денсаулық сақтау саласындағы негізгі құжаттарының бірі Алматы декларациясы қабылданды. Декларацияда алғашқы медициналық-санитариялық көмектің ұлттық жүйесін ұйымдастыру тұжырымдамасы көрсетілді.
Ол Қазақ тағамтану академиясының негізін қалаушы және президенті. Академик теміртапшылықты анемия, йод тапшылығы, А витамині мен фолий қышқылының жетіспеушілігін жою, нәрестелерге ана сүтін емізуді қолдау, ғарышкерлер мен спортшылардың тағамдары, балаларға, жүкті әйелдерге, сондай-ақ созылмалы аурулармен ауыратын адамдарға арналған емдік-профилактикалық тамақ өнімдерін әзірлеу жөніндегі халықаралық ғылыми жобалардың жетекшісі. Сонымен бірге бие сүтінің негізінде бірегей өнімдер әзірледі.
Академик Т. Шарманов Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының ең жоғары наградасы – әлемдік денсаулық сақтауға қосқан зор үлесі үшін Леон Бернард медалімен марапатталған.