Өмір бойына жалғасатын аурулары бар пациенттер: SARS-CoV-2 жұқтыру қаупі және амбулаториялық деңгейде дәрілік препараттарға қажеттілік
12 қазан 2020 жыл. Қазақстан Республикасы. Алматы қаласы. 8 және 9 қазан күндері Қазақстанның медициналық қоғамдастығында маңызды оқиға орын алды. Бұл күндері онлайн-форматта Қазақстан, Ресей, Израиль, Украина, Германия және басқа да бірқатар елдердің жетекші сарапшылары мен клиницистерінің басын қосқан «Ішектің қабыну аурулары: виртуалды тәжірибе» IV Ұлттық форумы өтті.
Іс-шараны ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, С. Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті, ҚР ДСМ Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ мен Ішекті зерттеу жөніндегі Қазақ ғылыми қоғамы ұйымдастырды. Онлайн-форматқа алыс және жақын шетелдерден делегаттар мен лекторлар қатысты. Гастроэнтерологтар, соның ішінде педиатриялық профиль, колоректалды хирургтар, нутрициологтар, сондай-ақ эндоскопиялық және сәулелік диагностика мамандары әріптестерімен өз тәжірибелерімен бөлісті.
Ішектің қабыну аурулары (ІҚА), оларға кіретін ойық жаралы колит (ОЖК) және Крон ауруы (КА) гастроэнтерологиялық практиканың маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Қазақстанда 2019 жылғы эпидемиологиялық зерттеу деректеріне сәйкес, Крон ауруының таралуы 100 мың тұрғынға 35,8 жағдайды, ойық жаралы колит – 100 мың тұрғынға 91,5 жағдайды құрайды. Алайда, бұл статистика толық емес, өйткені көптеген пациенттер өздерінің аурулары туралы біле бермейді.
Ішектің қабыну ауруларының (ІҚА) негізінде генетикалық бейімділік жатыр, ал іске қосу тетіктері (триггерлер) ретінде қазіргі «батыстық» өмір салты әрекет етеді: рационалды емес «жылдам» тамақтану, темекі шегу, антибиотиктерді бақылаусыз қабылдау, ұйқының жетіспеушілігі, тұрақты күйзелістер. Ойық жаралы колит (ОЖК) және Крон ауруы (КА) кез-келген жаста пайда болуы мүмкін, бірақ бүкіл әлемде оның шырқау шыңы еңбекке қабілетті жасқа келеді, олармен балалар мен жасөспірімдер жиі ауырады. Бұл адамның өмір сүру сапасын күрт нашарлататын өмір бойына жалғасатын аурулар екенін түсіну керек. Уақытылы тиісті емдеу болмаған жағдайда, бұл сырқаттардың соңы қиын жағдаймен аяқталуы мүмкін.
Форум аясында сарапшылар мен жетекші клиницистер талқылаған көптеген тақырыптардың ішінен коронавирусты жұқтырған жағдайда пациенттің болжамына ІҚА әсерін атап өткен жөн. Ішек қабынуы бар пациенттер SARS-CoV-2 жұқтыру қаупі жоғары аймаққа кіре ме? Медицина ғылымдарының кандидаты, С.Ж.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ гастроэнтерология кафедрасының доценті, Ішекті зерттеу жөніндегі Қазақ ғылыми қоғамының төрайымы Жәмила Қайбуллаева атап өткендей, жалпы SARS-CoV-2 жұқтыру қаупі мұндай науқастар үшін басқаларға қарағанда жоғары емес, дегенмен олардың арасында тәуекел тобына кіретін адамдар саны көп.
– Анамнезінде өкпе патологиясы және қант диабеті қатар жүретін иммуносупрессанттар мен жүйелік стероидтарды қабылдайтын ішектің қабыну аурулары бар көптеген пациенттер SARS-CoV-2 жұқтыру қаупіне және ауыр формадағы патологияның дамуына көбірек бейім. Демек, қауіпсіз препараттармен өршудің тиімді алдын-алудың маңыздылығы ерекше. Сонымен қатар, ІҚА-мен ауыратын науқастарды мамандармен амбулаториялық жағдайда жүргізу проблемасы шешілмеген күйінде қалып отыр. Кей жағдайларда ауру ағымының прогрессивті сипаты пациентті ауруханадан шығарғаннан кейін де оның жағдайын мұқият бақылауды қажет етеді. Бұл әсіресе COVID-19 пандемиясында өзекті болды. Бүгінгі күні тиісті бейіні бар пациенттерге демеуші терапияның үздіксіздігін, оның ішінде көктамырға енгізілетін биологиялық препараттармен қамтамасыз ету маңызды. Ұсынылатын шешім ретінде терапияның осы түрін амбулаториялық деңгейде жүргізу болуы мүмкін, әйтпесе коронавирустың екінші толқыны басталған жағдайда пациенттердің емделуге мүмкіндігінің шектелуі ықтимал, – деді Жәмила Қайбуллаева.
Бүгінгі таңда Қазақстанда ішектің қабыну ауруларын ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін диагностикалық процедуралардың кең спектрі қол жетімді; ІҚА емдеуге арналған дәрілік препараттармен қамтамасыз ету жақсаруда, базистік терапия препараттары мен топикалық стероидтардың тізімі үнемі кеңеюде. 2010 жылдан бастап ІҚА-мен ауыратын қазақстандық пациенттерге биологиялық терапия қолжетімді болды, соның нәтижесінде операциялық араласулар санын айтарлықтай азайтуға және адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік туды. Ал 2013 жылдан бастап ІҚА бар пациенттерді емдеуді, биологиялық терапияны қоса алғанда, мемлекет өтейді.
Дегенмен, қазақстандық сарапшылар ІҚА бар пациенттерді амбулаториялық жағдайда демеуші терапиямен, оның ішінде көктамыр ішіне енгізілетін биологиялық препараттармен қамтамасыз ету басты проблемалардың бірі болып қалуда екенін атап өтті, бұл әсіресе COVID-19 пандемиясы жағдайында аса өзекті болып отыр. Сонымен қатар, амбулаториялық деңгейде инфузиялық терапияны жүргізу ІҚА-мен ауыратын пациенттерді емдеуге жатқызудың санын қысқартатындықтан, республикалық бюджет шығыстарын оңтайландыруға мүмкіндік береді.