ҚазҰМУ студенттері «Ұлттық киім – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісін» атты көрмеге қатысты
Х.Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің «Медико-профилактикалық іс» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері «Ұлттық киім – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісін» атты көрмеге қатысты
2026 жылғы 18 наурыз күні Х.Досмұхамедов атындағы Қоғамдық денсаулық сақтау мектебінің «Медико-профилактикалық іс» білім беру бағдарламасының 3-курс студенттері Қазақстан Республикасы Ұлттық орталық музейінде «Наурызнама» онкүндігі аясында ұйымдастырылған «Ұлттық киім – ұлт мәдениетінің жарқын көрінісі» атты көрменің ашылу салтанатына қатысты.
Аталған көрме ұлттық киімдерді қазақ халқының мәдени коды мен тарихи жадының маңызды көрінісі ретінде насихаттауға бағытталған. Көрме барысында студенттер дәстүрлі киім үлгілері арқылы халықтың дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік құрылымы мен эстетикалық талғамы жөнінде танымдық ақпарат алды.
Экспозицияда әртүрлі жас ерекшелігіне, әлеуметтік мәртебесіне және отбасылық жағдайына байланысты ұлттық киім үлгілерінің айырмашылықтары көрсетілді. Сонымен қатар, киім дайындауға арналған құралдар, тарихи фотосуреттердің жасанды зерде арқылы түрлендірілген нұсқалары ұсынылып, келушілер QR-кодтар арқылы түпнұсқа суреттер мен олардың сипаттамаларын салыстыра қарау мүмкіндігіне ие болды.
Іс-шара барысында студенттер ұлттық киімнің тек тұрмыстық қажеттілік емес, сонымен қатар рәміздік әрі танымдық қызмет атқаратынын, әрбір ою-өрнек пен әшекейде халқымыздың рухани құндылықтары мен дүниетанымы көрініс табатынын түсінді.
Көрме аясында ұйымдастырылған экскурсиялар, этнограф-ғалымдармен және этнодизайнерлермен кездесулер, сондай-ақ ұлттық киім үлгілерінің дефилесі студенттердің ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын арттырып, тарихи санасын қалыптастыруға ықпал етті.
Бұл мәдени-танымдық шара жастар арасында ұлттық мұраны жаңғыртуға, этномәдени бірегейлікті нығайтуға және ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталды.











