2249 еңбекақысы жоғары жұмыс орны: Қазақ ұлттық медицина университетінде кең ауқымды Жұмыспен қамту жәрмеңкесі өтті
Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде Қазақстанның түкпір-түкпірінен 150-ден астам мемлекеттік және жекеменшік медициналық мекемелердің өкілдері жиналған кең ауқымды «Жұмыспен қамту жәрмеңкесі – 2024» өтті. ҚазҰМУ түлектеріне еліміздің 20 өңірінен 2249 бос жұмыс орны ұсынылды.
Іс-шараға Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Қостанай, Ақмола, Түркістан, Қарағанды және Павлодар облыстарының, сондай-ақ Жетісу, Абай және Ұлытау облыстарының өкілдері жеке қатысты.
«Мен барша түлектерді осы бірегей мүмкіндікке белсенді қарауға шақырамын, кем дегенде, Сіздер болашақ тәжірибеңізге өте қажет байланыстар орнатасыздар. Бүгінгі қонақтарымыз әлеуетті жұмыс берушілер ғана емес, олардың арасында көптеген тәжірибелі дәрігерлер, сарапшылар бар, олармен жеке сұхбаттаса аласыздар әрі олардан өзіңізге қажет тәжірибе мен практикалық кеңестер аласыздар», – деді өз сөзінде ҚазҰМУ ректоры Марат Шоранов.
Ең көп бос жұмыс орындарын Алматы қаласы – 540, Қостанай облысы – 304, Жетісу облысы – 286, Атырау облысы – 168 және Ақмола облысы – 153 ұсынды.
Ең сұранысқа ие мамандықтар:
• Жалпы тәжірибелік дәрігер – 272 бос орын
• Жоғары білімді медбике – 232
• Жедел медициналық көмек – 157
• Акушерлік және гинекология (балалар гинекологиясы) – 130
• санитарлар – 109
• Терапия – 95
• Анестезиология және реанимация (ересектер, балалар) – 92
• Кардиология (ересек, балалар) – 92
• Педиатрия – 89,75
• Радиациялық диагностика (радиология) – 48
• Жұқпалы аурулар (балалар, ересектер) – 35
ҚазҰМУ үш жыл бойы түлектерді жұмысқа орналастырудың ең жоғары деңгейін 99 пайыздан жоғары көрсетіп отыр. 2023 жылы 2394 түлек жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, түлектер өңірлерде белсенді түрде жұмысқа орналасуда – 1024 грант иегері жолдамамен жұмысқа ие болды.
ҚазҰМУ түлектеріне еңбек жолының бірінші жылында 500 мың теңгеден астам еңбекақы, сонымен қатар біржолғы төлемдер мен тұрғын үй сатып алу немесе жалға алу бойынша қолдау бағдарламалары ұсынылады.
«Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде білім алған жылдары студенттеріміз терең білім мен тәжірибелік дағдылармен қатар, жаңашыл ойлауды үйренді, енді еліміздің медицинасы мен денсаулық сақтау саласын дамытуға үлес қосуға дайын», – деп атап өтті ректор.
Биылғы жылы ҚазҰМУ-ды 2376 студент тәмамдайды, олар білім ордасының жүз мыңнан астам түлектері, Қазақстанның үздік дәрігерлері қатарын толықтырады.
570 резидент, олардың арасында ең көп мамандықтар бойынша анестезиологтар мен реаниматологтар – 68, терапевттер – 56 және педиатрлар – 35. Жалпы биылғы жылы резиденттер 40 мамандық бойынша оқуды тәмамдайды.
537 бакалавр, олардың 446 – «Фармацевтикалық өндіріс технологиясы» мамандығы 43 – денсаулық сақтау, 41 – фармация, 7 – медбике мамандығы.
Бітірушілердің ең көбі интернатура бойынша 1109, оның ішінде 793 жалпы медицина, 184 стоматолог және 132 педиатрлар болады. ҚазҰМУ 2017 жылы Қазақстанда алғаш болып педиатрларды даярлауды қайта бастады және бірнеше жылдан бері еліміз үшін маңызды мамандарды даярлаудағы олқылықтың орнын толтырып келеді. Сондай-ақ 2024 жылы ҚазҰМУ-ды 133 магистрант пен 27 докторант тәмамдайды. 2376 студенттің арасынан 1740 студент грант негізінде білім алды, олар 365 резидент, 468 бакалавр, 676 интерн, 73 магистрант және 26 докторант. Ауылдық квота бойынша 11 бакалавр және 121 интерн оқуын аяқтады.
2021 жылдан бастап грантты өтеуге қойылатын талаптар жеңілдетілді. Түлектердің меншік нысанына қарамастан денсаулық сақтау ұйымдарында мемлекеттік грант бойынша жұмыс істеуге құқығы бар. Қызмет өткеру мерзімі мемлекеттік грант бойынша оқыған жылдар санына тең болады.